Павлодар облысында мемлекетке 2 млрд теңге шығын келтіргендер сотталды
Опубликовано:

Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері шот-фактураларды заңсыз жазып беру фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды ведомство ресми Telegram арнасында.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу барысында азаматтар Вильгельм Легин мен Сергей Рыжаков жалған тұлғаларға ресімделген 13 компания құрғаны анықталды.
Осыдан кейін материалдық пайда табу мақсатында 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі аралықта осы компаниялардың атынан бірқатар заңды тұлғаға жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар жазылған.
Легин мен Рыжаковтың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түрінде 2 млрд теңгеден астам залал келтірілді.
Сот екеуін де кінәлі деп таныған. Олардың әрқайсысы 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ судья Легиннен 13 млн теңгеден астам ақша өндіру туралы үкім шығарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976532-pavlodar-oblysynda-memleketke-2-mlrd-tenge-sygyn-keltirgender-sottaldy/