"Екеуі суға батып кете жаздаған": Қапшағай су қоймасында үш ер адам құтқарылды

Опубликовано:

құтқарушы
Көрнекі фото: pixabay.com

Қапшағай су қоймасында үш ер адам құтқарылды, олардың екеуі суға батып кете жаздаған, деп хабарлайды Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

ТДЖ мәліметінше, 1 шілдеде сағат 18-55-те құтқарушылар Қапшағай су қоймасындағы қалалық жағажайды торуылдау кезінде 1997 жылы туған жас жігітті құтқарған.

Ол үрлемелі матрасқа отырып, жағадан алыстап кеткен.

Сол күні сағат 19.00-де құтқарушылар жағалаудан 400 метр қашықтықта тағы екі азаматты құтқарған.

Олардың бірі - 2000 жылы туған жігіттің суда аяғының сіңірі тартылып, батып кете жаздаған. Енді бірі 1998 жылы туған азамат өз күшін жете бағаламай, үрейге бой алдырып суға батып кете жаздаған.

Құтқарушылар үш жігітті де қауіпсіз жерге шығарып, оларға судағы қауіпсіздік ережелері мен құтқару кеудешесінсіз суға шомылудың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Сондай-ақ Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға суға шомылу маусымында барлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады.

Айта кетейік, өткен аптада Қапшағай су қоймасында төрт адам суға батып кеткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1976680-ekeui-suga-batyp-kete-zazdagan-qapsagai-su-qoimasynda-us-er-adam-qutqaryldy/