Бизнесмен Алмас Әбдіғаппаровқа қатысты сот үкімі шықты

Опубликовано:

Алмас Әбдіғаппаров
Алмас Әбдіғаппаров. Фото: Instagram/Алмас Әбдіғаппаров

Бизнесмен Алмас Әбдіғаппаров ақша жымқырды деген айыппен бас бостандығынан айырылды. Бүгін Медеу ауданының №2 соты кәсіпкерге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Медеу аудандық сотының баспасөз қызметі.

Бүгін кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровқа қатысты өзіне сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі мүлікті жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі қарау аяқталды.

"Сот 2021 жылдың наурыз айында Әбдіғаппаровтың Esentai city"тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерлер мен тұрғын үйлерді (виллаларды) салумен, сатумен айналысатын AV-Construction ЖШС директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқара отырып әрі компанияның материалдық жағынан жауапты және сенімді өкілі ретінде клиентпен жер учаскесі бар тұрғын үйді сатып алу үшін алдын ала сату-сатып алу келісімшартын жасағанын анықтады.

Сатып алушының өкілі Әбдіғаппаровқа үйді сатып алу үшін соманың бір бөлігі ретінде 2 млн АҚШ доллары сомасындағы қаражатты берген. Ал ол 1 млн АҚШ долларын ғана компания басшылығына аударып, қалған ақшалай қаражат 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі соманы қылмыстық жолмен иемденген. Сотта сотталушының қылмыстық әрекеттерінен AV-Construction ЖШС-ға 418 640 000 теңге көлемінде материалдық шығын келгені анықталды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.

Сотталушы өз кінәсін мойындамаған, ал прокурор Әбдіғаппаровты кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Нәтижесінде сот кәсіпкерді Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4 - бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған.

Сондай-ақ оған 5 жыл мерзімге дейін қаржы ұйымдарында басшылық қызмет атқаруына тыйым салған.

Ал арызданған азаматтың талап арызы толық көлемде қанағаттандырылған.

Айта кетейік, Parmigiano Group компаниясының директоры Алмас Әбдіғаппаров былтыр шілде айында миллион доллар көлемінде қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977042-biznesmen-almas-abdigapparovqa-qatysty-sot-ukimi-syqty/