Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазір заман басқа": Тоқаев көлік-транзит әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізді

Опубликовано:

Тоқаев көлік-транзит әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізуде
Фото: Ақорда

Президенттің төрағалығымен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өтті. Жиынға үкімет басшылығы, салалық министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының Қазақстан экономикасында ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Оның айтуынша, өңірлердің өзара қарым-қатынасын жандандыру үшін бұл саланың маңызы зор. Дегенмен, геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистика желісін өзгеріске ұшыратты.

Жиын барысында қарым-қатынастар мен жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтау қажеттігі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президенттің пікірінше, отандық өнімнің экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау қажет.

Сонымен қатар мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту керек екенін айтты. Осы мақсатта балама теміржол бағыттарын қалыптастыру қажет. Бұл жерде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыру, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салу жөнінде сөз болып отыр.

Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол паркінің жұмысын жандандыру және жолдарға күрделі жөндеу жүргізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

"Отандық теміржол саласында машина жасау ісін дамытуға баса мән беру қажет. Оның алғышарттары бар. Қазақстандық өндірушілерді белсенді түрде қолдау керек", – дейді мемлекет басшысы.

Нұрлан Сауранбаев
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев. Фото: Ақорда

Сондай-ақ президент "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын толықтай жаңғырту қажет деп есептейді.

"Қазақстан теміржолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келді деп ойлаймын. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, компанияға еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік береді", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент теңіз арқылы тасымалдау ісін дамытуға да ерекше назар аударды.

"Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін", – дейді мемлекет басшысы.

Әлихан Смайылов
Премьер-министр Әлихан Смайылов. Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті.

"Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. "ҚазМұнайГазға" оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет "Самұрық-Қазынамен" бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет", – дейді президент.

Кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Автожол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де маңызды салалардың бірі екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, ең алдымен, құрылысы басталған магистральды бағыттардағы (Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен) қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет.

Қайырбек Өскенбаев
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев. Фото: Ақорда

Сонымен қатар президент бюджет қаражатын тиімді пайдалану және отандық компанияларды кеңінен тарту қажет екеніне назар аударды.

"Жобаларды жүзеге асыру барысында бюджетті барынша тиімді пайдалану және отандық өнімдердің көлемін арттыру басты қағидат болуы керек", – дейді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек президент үкіметке жыл соңына дейін кедендік рәсімдеу үдерісін және шекаралық бақылауды толық автоматтандыруды тапсырды.

Мағзұм Мырзағалиев
"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев. Фото: Ақорда

Жиын барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады.

Сондай-ақ талқылауға премьер-министр Әлихан Смайылов, премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977380-qtz-ny-tolyqtai-zangyrtu-qazet-toqaev-kolik-tranzit-aleuetin-damytu-zoninde-kenes-otkizdi/

pixel