Жамбыл облысында "Жас маман" жобасына бөлінген 171 млн теңгеден астам қаражат жымқырылған
Опубликовано:
Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті білім беру саласындағы бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде. Бұл туралы ведомство Telegram-дағы ресми-арнасында хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, департамент қызметкерлері "Жас маман" жобасы шеңберінде бөлінген 171 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жымқырылғанын анықтаған.
Жобаның мақсаты колледждер мен жоғары оқу орындарын неғұрлым сұранысқа ие 100 кәсіп бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу болып табылады.
"Қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде бірқатар жедел-тергеу іс-шарасы, оның ішінде тиісті сараптамалар жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданатын болады", - дейді ҚМА-ның баспасөз қызметі.
Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977814-zambyl-oblysynda-zas-maman-zobasyna-bolingen-171-mln-tengeden-astam-byudzet-qarazaty-zymqyrylgan/