Тамара Дүйсенова Тоқаевқа зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі туралы баяндады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев және Тамара Дүйсенова
Қасым-Жомарт Тоқаев және Тамара Дүйсенова. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында Тамара Дүйсенова президентке министрліктің жұмысы, соның ішінде зейнетақымен қамтамасыз ету және Әлеуметтік кодекс әзірлеу мәселелері туралы баяндаған.

Сондай-ақ министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы әрбір отбасының әл-ауқатын арттыруға және жұмыспен қамту ісінің табысты болуы үшін жағдай жасауға бағытталатын жаңа әлеуметтік саясат қалыптастыру тәсілдерін ұсынған.

Тамара Дүйсенова мемлекет басшысына Отбасының цифрлық картасын жасау, Әлеуметтік қызмет көрсету порталын және Әлеуметтік қазынашылық ақпараттық жүйесін дамыту жоспары жөнінде де айтқан.

Одан бөлек президент геосаяси жағдайдың өзгеруін және еңбек нарығына қысымның күшеюін ескере отырып әзірленген көші-қон саясатын дамыту жоспарымен танысқан. 

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрге әлеуметтік еңбек саласындағы өзекті проблемаларды шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Сонымен қатар мемлекет басшысы жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігін арттыру, әлеуметтік қорғау жүйесінің тетіктерін жетілдіру қажет екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977847-toqaev-enbek-zane-xalyqty-aleumettik-qorgau-ministrin-qabyldady/