Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде анасын өлтірді деп айыпталған жасөспірім мен оның жігітіне қатысты сот процесі басталды

Жарияланған күні:

Сот12
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ақтөбеде 34 жастағы анасын өлтірді деп күдікке ілінген кәмелетке толмаған қыз бен оның 18 жастағы жігітіне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қылмыстық іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Процесс барысында мемлекеттік айыптаушы қылмыстың қалай жасалғанын баяндады.

Тергеуде аныталғандай, 2022 жылғы 14 сәуір күні сағат 21:00 шамасында 16 жастағы қыз жігітіне анасы ұрысып жатқанын айтып, жуынатын бөлмедегі бұранданы жөндеп беруін сұраған.

"Сол күні сағат шамамен 23:00-де айыпталушы студент үй жұмыстарына көмек көрсету үшін қызының үйіне барған. Шағын жөндеу жұмыстары кезінде қыздың анасы ұрыс шығарған. Жанжал киім ілгіштегі ілмектің дұрыс еместігінен басталған.

Мас күйдегі қыздың анасы олардың қарым-қатынасын құптамайтынын жеткізген. Арадағы жанжалдың арты төбелеске ұласқан. Айыпталушы қылмыс жасау ниетімен зардап шегушінің оң қолынан ұстап, оның қолындағы пышақты өзі иемдеген. Сосын жүрек тұсына бір рет соққы жасаған.

Қылмысты жалғастырып, оны буындыра бастаған. Сол кезде жанында тұрған қызынан көмектесуді сұрады. Себебі ол кезде әлі тірі болған әйел қарсылық көрсеткен. Қыз кішкентай кезінде өзіне зәбір көрсеткен анасын аямай, қылмыс жасау ниетімен пышақты алып, бірнеше рет сұғып алған.

Сөйтіп әйелдің денесін жасыруды ойлайды. 14-сәуірден 19-сәуірге дейін денені балконда сақтаған. Дене бұзылмас үшін оған сірке суы мен сода құйған", - деді сотта мемлекеттік айыптаушы.

Айыпталушылар кінәсін толық мойындаған, бірақ қылмыс топтасып жасалды дегенге қарсылық білдірді.

"Кінәні мойындаймын. Қылмысты өзім жасадым. Топтық емес. Ашу үстінде болды. Өлтіру ниетім болған жоқ. Анасы ашуланып ұрысқанда қолындағы пышақты маған қарай сермеді. Қорғану үшін қолын қайырғанымда пышақ сол жақ кеудесіне кірді. Ашу үстінде тамағынан қылғындырып, тағы үш соққы бердім. Өледі деп ойламадым. Кейін денені көрпемен жауып, төрт күн балконға жасырдық. Иіс болмау үшін сірке суын құйып, сода септім. Кейін ағама хабарлап, полицияға айттық", - деді 18 жастағы жігіт.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977879-aqtobede-anasyn-oltirdi-dep-aiyptalgan-zasospirim-men-onyn-zigitine-qatysty-sot-procesi-bastaldy/