Павлодарда көпқабатты үйдің подъездінде төбелесіп қалған екі әйел сот алдынан бір-ақ шықты

Опубликовано:

Павлодарда екі әйел төбелесіп қалды
Көрнекі сурет: pixabay.com

Павлодардағы мамандандырылған әкімшілік сот көпқабатты үйдің ауласында екі әйелдің төбелесіп қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Үй бойынша жауапты әйел бейтаныс келіншектен подъезде не істеп жүргенін сұраған. Ал бұл сұрақ танымайтын әйелге мүлде ұнамай, оған жауап қайтарып тастайды. Сұрақ қойған әйел де қарап қалмай, ақыры ұрыстың соңы төбелеске ұласқан.

Сот олардың әрқайсысының денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтірілгенін және бұл сараптамамен расталғанын атап өтті.

Олардың әрқайсысы өздерін жәбірленуші санап, бір-біріне қатысты полицияға шағым түсірген.

Тұрғын үй бойынша жауапты әйелдің көршілері сот процесі кезінде жанжалдың бейтаныс келіншекке байланысты басталғанын айтқан. Дегенмен сот бұл жауапқа сыни көзбен қарады, себебі куәгерлер мен үй бойынша жауапты әйелдің арасында достық қарым-қатынас бар.

Сот шешімімен екі әйел де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 32 162 теңге көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1977941-pavlodarda-kopqabatty-uidin-podezdinde-tobelesip-qalgan-eki-aiel-sot-aldynan-bir-aq-syqty/