Елордада 7-қабаттан құлағалы тұрған баланы құтқарған жасөспірімді ТЖМ басшысы марапаттады (фото)
Опубликовано:

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин елордада терезеден құлағалы тұрған баланы құтқарған Есдәулет Дәуітбековті марапаттады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның ақпаратынша, Юрий Ильин ерлігімен көзге түскен Есдәулет Дәуітбековті "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен және естелік сыйлықпен марапаттады.
Министрмен кездесуге батырдың анасы Әсемгүл Қабдықалықова да қатысқан.
Осы орайда Ильин Есдәулет Дәуітбековке көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс білдіріп, болашақта ТЖМ азаматтық қорғау органдарының қатарынан осындай батыл жігіттерді көргісі келетінін жеткізген.
Сонымен қатар оның анасына гүл сыйлап, нағыз батырды тәрбиелегені үшін алғыс айтты. Сөз соңында Министр мұндай ерлік өскелең ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге беретінін атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін лордада жетінші қабаттан құлағалы тұрған баланы құтқарып қалған жасөспірімге 3 бөлмелі пәтер берілгенін жазған едік.
Одан бөлек Есдәулет Дәуітбековке Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім грантын табыстаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978705-elordada-7-qabattan-qulagaly-turgan-balany-qutqargan-zasospirimdi-tzm-bassysy-marapattady-foto/