Жетісу облысында тұрғындардың жаппай судан уланғаны рас па: Тиісті мекеме пікір білдірді
Опубликовано:

Жетісу облысының Сарқан ауданында тұрғындардың жаппай судан уланып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Telegram-каналында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, коммуналдық объектілерді бақылау және қадағалау бөлімі суға мониторингті тұрақты негізде жүргізіп отырады.
Соңғы зерттеудің нәтижесінде судың микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштері санитариялық нормаға сәйкес келеді.
"Тұрғындардың аудандық ауруханаға улану туралы шағымдармен жүгінбегендерін хабарлаймыз. Құрметті қазақстандықтар, арандатушы фейк хабарламаларға сенбеулеріңізді сұраймыз. Ресми дереккөздерден тек сенімді ақпаратты оқыңыз.
Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1978968-zetisu-oblysynda-turgyndardyn-zappai-sudan-ulangany-ras-pa-tiisti-mekeme-pikir-bildirdi/