Павлодарда облыстық мәдениет басқармасының басшысы сотталды
Опубликовано:

Павлодарда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалиноваға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сот үкімімен Самал Бегалинова пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.
Дегенмен сот оның кәмелетке толмаған балаларының барын ескеріп, жазасын өтеу мерзімін 5 жылға кейінге қалдырған.
Сонымен қатар Самал Бегалинова өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың маусым айының ортасында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы пара алды деген күдікке ілінген болатын.
Сот барысында прокурор қылмыстық істің мән-жайын айтты.
Тергеу деректеріне сүйенсек, шенеунік астаналық мүсіншіден жаңа мектепке Әлихан Бөкейханның бюстін жасауға келісімшартқа отыру үшін және орындалған жұмыстарды кедергісіз қабылдау үшін 1 млн теңге сұраған.
Сот үкіміне сәйкес, пара ретінде берілген миллион теңге мемлекеттік кіріс ретінде тәркіленеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1979104-pavlodarda-oblystyq-madeniet-basqarmasynyn-bassysy-samal-begalinova-sottaldy/