Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Павлодар облысында банк қызметкері суға батып бара жатқан екі қызды құтқарып қалды

Опубликовано:

Дәурен Үсенов
Дәурен Үсенов. Фото: Дәурен Үсеновтің жеке мұрағатынан/pavlodarnews.kz

Павлодар облысы Ақсу қаласында жергілікті банк қызметкері суға батып бара жатқан екі қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Оқиға 17 шілдеде болған.

Сол күні Ақсу қаласының 30 жастағы тұрғыны Дәурен Үсенов отбасымен бірге қалалық жағажайда демалып жүрген және қоршалған қауіпсіз шомылу аймағынан тыс жерде екі қыздың тұрғанын көрген. Қыздар суда ойнап жүрген.

Бір сәтте олар жоғалып кетіп, кенеттен біреуінің көмекке шақырған дауысы естілген.

Дәурен бастапқыда балалар ойнап жатыр деп ойлаған, бірақ сол маңдағы әйелмен оның баласы да көмек сұрап айқайлаған соң қыздарға қарай жүгірген.

"Бір кезде қыздар көрінбей кетті, бұған дейін олардың төбелері көрініп тұрған. Телефон, көзілдірік және бас киімді құмға тастап, суға сүңгіп кетіп, балаларды алып шықтым", - дейді Ақсу тұрғыны.

Дәурен сол маңда болған бірнеше адамның да "көмек керек пе деп" сұрап, жүгіргенін айтады. 

Оның сөзінше, судың тереңдігі шамамен бір жарым метр болған.

"Әрине, балалар үшін мұндай тереңдік суға батып кету үшін жеткілікті", - дейді банк қызметкері.  

Дегенмен қыздар тек су жұтып қойған екен. Ал Дәурен Үсенов ерлік жасадым деп есептемейді.

"Мен өз өміріме қауіп төндірсем де, оларды құтқару үшін барлығын жасар едім", - дейді ол.

Дәурен балалардың ата-аналары қайда болғанын сол күйі түсінбеген. Қыздар оған алғысын айтып, жүгіріп кеткен. 

Оның айтуынша, қыздардың үлкені шамамен екінші сынып оқушысы, ал кішісі бес жаста. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысының тағы бір тұрғыны суға батып бара жатқан ағайынды үш баланы құтқарып қалғанын хабарлаған едік.

Кейін өңір әкімі Әбілқайыр Сқақов оған ерлігі үшін  алғыс айтып, туған ауылынан тұрғын үйдің кілтін табыстады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1979942-pavlodar-oblysynda-bank-qyzmetkeri-suga-batyp-bara-zatqan-eki-qyzdy-qutqaryp-qaldy/

pixel