Петропавлда полицейлер есірткі зертханасын анықтады
Опубликовано:

Петропавлдық полицейлер есірткі зертханасы жұмысының жолын кесті. Синтетикалық есірткіні өндіру және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, күдікті 20 жастағы қала тұрғыны болып шыққан. Ол мамыр айында ұсталды. Жас жігітте өсімдік тектес зат салынған 8 полимер түйіншек болған. Тағы 52 түйіншек пен сұйықтық құйылған екі ыдыс Халтурин көшесі бойындағы тұрғылықты мекенжайынан табылды.
Сараптама "спайс" деген атпен белгілі синтетикалық есірткі, сондай-ақ оны дайындауға арналған прекурсорлар екендігін көрсетті.
Күдіктінің айтуынша, есірткіні ол жеке пайдалану үшін сақтаған. Сонымен қатар тәркіленген есірткінің саны 200 реттік дозаға жуық, есірткі затының жалпы салмағы – шамамен 8 грамм, ол аса ірі мөлшерге жатады.
Оның үйінен респираторлар, грамдық таразылар, өлшеуіш колбалар мен синтетикалық есірткіні дайындауға арналған басқа да құрылғылар тәркіленді.

"Қазіргі уақытта күдікті қамауда. Қылмыстық кодекстің (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Баптың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді", – дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1980675-petropavlda-policeiler-esirtki-zertxanasyn-anyqtady/