Аулада целлофанға оралып жатқан ер адам Екібастұз тұрғынын шошытты

Опубликовано:

қала көшесі
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ/Владимир Третьяков

Екібастұз тұрғыны қала аулаларының бірінен орындық үстінде целлофан пакетке оралған адамның жатқанын көріп, полиция шақырған. Тіршілік белгілері болмағандықтан, әйел оны мәйіт деп ойлаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға таңғы сағат 7-лер шамасында Екібастұзда болған.

Полицияның хабарлауынша, оларға жергілікті тұрғын Әуезов көшесіндегі үйдің ауласында пакетке оралған "мәйітті" көргенін айтып хабарласқан.

"Таңертеңгілік итпен серуендеуге шыққан қала тұрғыны детективті оқиғаның куәсі болды. Телефонын өзімен бірге алып шықпаған ол жақын маңдағы автотұрақ қызметкерлерінен полиция шақыруды өтінген", - дейді Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметі.

Полиция орындықта жатқан ер адамның тірі екенін анықтаған. Мас күйде үйге бара жатқан қала тұрғынын қатты ұйқы қысқан. Сол арада ол ауладағы орындықта түнеп шықпақ болған. Ал целлофанға жауын-шашыннан қорғану үшін оранғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1981336-aulada-cellofanga-oralyp-zatqan-er-adam-ekibastuz-turgynyn-sosytty/