Әлихан Смайылов: 1 қарашаға дейін балабақшаларды лицензиялау мәселесі пысықталуы тиіс
Опубликовано:

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Премьер-министр үкіметтің басты міндеті халықтың сапалы білімге қолжетімділігін барлық деңгейде - мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары біліммен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
"Бұл бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 1436 мектеп жаңартылды", - деді ол.
Үкімет басшысы балабақшалардағы қызмет көрсету сапасын арттыруды тапсырды.
"Мектепке дейінгі ұйымдар көрсететін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігіне 2022 жылдың 1 қарашасына дейін мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелерін пысықтауды тапсырамын", - деді премьер-министр.
Қазақстанда балабақшаларға қойылатын талаптың күшейетіні туралы маусым айының басында белгілі болды. Жоспарланған шаралардың қатарында лицензиялауды енгізу де бар. Бұл елімізде бұрын да болған, бірақ 2011 жылы алынып тасталған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982383-alixan-smaiylov-1-qarasaga-deiin-balabaqsalardy-licenziyalau-maselesi-pysyqtaluy-tiis/