Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандағы қант зауыттарының төртеуінен де заң бұзушылықтар анықталған

Опубликовано:

Қант
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары еліміздегі қанттың көтерме сауда нарығына талдау жүргізді. Бұл туралы ведомствоның ресми Telegram арнасы хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда қанттың негізгі көлемін 2 облыста орналасқан 4 зауыт өндіреді:

  • Жамбыл облысында – "Тараз қант зауыты" (қант құрағынан өндіру) және "Мерке қант" ЖШС (құрақ + қызылша);
  • Жетісу облысында – "Көксу қант зауыты" ЖШС (қамыс + қызылша) және "Ақсу Қант" ЖШС (қызылша).

Мамандардың дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері қант бағасының өсуі 86,6%-ды құраған(2021 жылдың сәйкес кезеңінде – 11,9%). Бүгінгі таңда бағаның өсу қарқыны бәсеңдеді, бірақ тенденция сақталады. Мәселен, шілдеде бөлшек сауда бағасы 5,3%-ға өсті.

Агенттіктің хабарлауынша, қант зауыттарының өндірістік қуаты ішкі нарықты шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.

Отандық шикізаттың да, импорттық шикізаттың да тапшылығы проблемасы импорттық шикізатты сатып алуға қажетті зауыттардың айналым қаражатының жеткіліксіздігінен туындаған.

Зауыттар валюта бағамы, логистикалық шығындар мен шикізат бағасының өсуі жағдайды қиындатып отырғанын, бұл қолданыстағы қуатты толық пайдалануға кедергі келтіретінін жеткізген.

Шикізат тұтынушылардың (көтерме сатып алушылар) есебінен сатып алынуда. Елде өндірілетін қанттың негізгі көлемін ірі көтерме жеткізуші сатып алған, ол Қазақстанда өндірілетін қанттың 90%-ын алу туралы келісімшартқа отырған. Жеткізушінің бұл әрекетінен тауардың айналымнан шығу белгілері байқалады, соның салдарынан қант бағасы көтерілген. Бұл ретте басқа өңірлік көтерме жеткізушілер мен бөлшек сауда желілерінің өндірілген қантына қол жеткізу шектелді.

Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабында бұл әрекеттерге тыйым салынғанын атап өтілген. Осы себепті агенттік монополияға қарсы заң бұзушылықтарды тексеруді тапсырды.

Сонымен қатар, "Тараз қант зауыты" ЖШС тарапынан жағдайды теріс пайдалану, көтерме жеткізушімен шарт жасасудан жалтару белгілері анықталған. Жамбыл облысы бойынша Монополияға қарсы департамент шарт жасасудан негізсіз бас тарту бөлігіндегі бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарды.

Жоғарыда айтылғандардан бөлек, "Тараз қант зауыты" ЖШС мен "Мерке қант" ЖШС-де бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттерді бұзу белгілері – бағаны белгілеу және ұстау анықталған.

26 шілдеде оларға да хабарламалар жіберілді. Жалпы монополияға қарсы орган қантты өткізу нарығы бойынша 18 хабарлама, 2 тексеру тағайындаған, 8 монополияға қарсы сәйкестік актісі жасалған.

Қант биржалық тауарлар тізіміне енгізілген. Қанттың ең аз жеткізілім лоты 60 тонна немесе одан көп болған жағдайда оны сату тек тауар биржасы арқылы жүзеге асырылады.

"Тараз қант зауыты" ЖШС мамыр айынан бастап тауар биржасы арқылы өнім өткізуді қолға алса, қаңтар айынан мамыр айына дейін қант тауар биржасынан тыс сатылып келгені анықталды. "Мерке Қант" ЖШС, "Ақсу Қант" ЖШС және "Көксу қант зауыты" ЖШС де осындай әркетке барған. Осыған байланысты, агенттік атап өткендей, барлық 4 қант өндірушінің әрекетінен әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалған.

Барлық материалдар Сауда және интеграция министрлігіне жіберілді. Олар биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларды тауар биржаларынан тыс өткізу фактісі бойынша қант зауыттарына қатысты ӘҚБтК 268-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық ісін қозғап, қарау туралы шешім қабылдайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1982953-qazaqstandagy-qant-zauyttarynyn-torteuinen-de-zan-buzusylyqtar-anyqtalgan/

pixel