"Құны 100 млн теңге": Алматыда базардан ұрланған алтын жасырылған орын табылды (видео)
Жарияланған күні:
Алматылық полицейлер базардан ұрланған алтын жасырылған орынды тапты. Қолды болған әшкейлердің құны шамамен 100 миллион теңге, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция басқармасының мәліметінше, 12 тамызға қараған түні қаладағы базарлардың бірінде ірі ұрлық жасалған.
Әлдекім базардың алтын сататын қатарына түнде кіріп, сегіз сауда орнының сөрелерін сындырып, өзімен бірге 100 млн теңгенің әшекей бұйымдарын алып кеткен.
Бұл қылмысты ашу мақсатында Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі ("Ұрлық") бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылған.
"Базардағы бейнебақылау жүйелеріне талдау жасалды. Күдіктінің жеке басы бірден анықталды. Бұл 35 жастағы А. есімді азамат. Ол Қонаев қаласындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Күдікті сол жерде уақыт өткізуді жоспарлаған көрінеді", – дейді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Дархан Мұсанов.
Сонымен қатар күдіктінің ұрлаған мүлікті жасырған жері де анықталған. Ол ұрланған алтындарды қала шетіндегі шөл далаға жасырған. Заттай айғақтар тәркіленген.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бұлтартпау шарасы ретінде сот қамауға алуды санкциялаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983435-quny-100-mln-tenge-almatyda-bazardan-urlangan-altyn-zasyrylgan-oryn-tabyldy-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.