"150 мың қазақстандық жұмыс істейді": Бағдат Мусин Яндекс басшысымен бірқатар мәселе талқыланғанын айтты
Жарияланған күні:
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова және басқа да министрлік өкілдері Яндекс Go компаниясының бас директоры Александр Аникинмен кездесті. Кездесудің қорытындысы туралы Бағдат Мусин Instagram парақшасында жазды.
Мусиннің мәліметінше, Яндекс платформасында 150 мыңға жуық қазақстандық жұмыс істейді.
"Көбіне бұл кісілер әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған, себебі олар тіркелген таксопарктердің кейбірі тиісті салық пен аударымдарды төлемейді", - дейді министр.
Оның сөзінше, жұмыспен қамтамасыз етудің платформалық нұсқасы кең таралып жатқандықтан, мемлекет осындай платформалар арқылы табыс табатын азаматтарды қолдау жағын ойластыруы керек.
"Біз жүргізушілерге платформаға тікелей тіркелу мүмкіндігін беруді ұсындық, сонда мемлекет оларды әлеуметтік тұрғыда қорғай алады", - дейді Бағдат Мусин.
Ведомство басшысы қазір Яндекс платформасы 63 қазақстандық таксопаркпен жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.
Сондай-ақ бұл кездесуде қазақстандық тарап компания басшысымен ЯндексGO қосымшаcын пайдалану кезінде азаматтардың қауіпсіздігін бірінші орынға қою мәселесін талқылаған.
"Қосымшада тіркелген жүргізушілерді сәйкестендіру және олардың құжаттарының дұрыстығын тексеру маңызды. Ол үшін биометриялық жүйені қолдануға болады. Бұл не үшін керек? Мәселен, біреулердің жүргізуші куәлігі жоқ немесе бөгде адамдар арқылы тіркелу оқиғалары кездеседі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан инватакси қызметін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бойынша ұсыныстар айтылды. Жалпы, осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, барынша тиімді шешімдер мен тәсілдер іздестіретін болдық", - деп сөзін түйіндеген министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983713-150-myn-qazaqstandyq-zumys-isteidi-musin-yandeks-bassysymen-azamattardyn-qauipsizdigi-zaily-soilesti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.