Қазақстанда әуе рейстерінің кешігуі қалай шешіледі: Министр жауап берді

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостермен авиарейстердің кешігуі мәселесін талқылады. Кездесудің қорытындысы туралы Өскенбаев өз Telegram парақшасында жазды.

Министр кездесу барысында әуе рейстерінің кешігуі мен ауыстырылуы, сонымен қатар билеттер тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдіргенін жеткізді.

Өз кезегінде Питер Фостер жыл соңына дейін әуе компаниясы 5 жаңа ұшақ сатып алатынын айтты.

Атап айтқанда, Fly Arystan әуе компаниясының әуе кемелері паркі 2 самолетпен, Air Astana 3 ұшақпен толықтырылмақ.

Жалпы, 2025 жылға дейін 24 жаңа ұшақ, оның ішінде 3 Boeing 787 Dreamliner ұшағы келеді деп күтілуде.

Әуе компаниясының басшысы міндеттемелерді орындау үшін тиісті барлық шара қабылданатынын айтып сендірді.

"Кездесу соңында жаңа әуе кемелерін жеткізу үрдісін жеделдетуді және рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтары бұзылмауын қадағалауды тапсырдым.

Әуе кемелері паркін ұлғайту және қазақстандық әуе компанияларының тасымалдау сыйымдылығын арттыру арқылы халыққа оңтайлы жағдай жасау президентіміздің үнемі назарында екенін айтқым келеді", - деді Қайырбек Өскенбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1983929-qazaqstanda-aviareisterdin-kesigui-qalai-sesiledi-ministr-zauap-berdi/