Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ойнайтын жер жоқ": Атырауда балаларға арналған ойын алаңдары тозып тұр

Опубликовано:

ойын алаңы
Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырау қаласының тұрғындары көпқабатты үйлердің ауласындағы балалар алаңының әбден тозығы жеткенін айтып шағымдануда. Сынған әткеншектер мен ортасы опырылып жатқан сырғанақтар балалар өміріне қауіпті болып тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тұрғындар алдымен портал тілшісіне Әуезов көшесінде орналасқан №61 үйдің ауласын көрсетті. Бес қатарлы және екі қатарлы үйлердің арасында Кеңес дәуірінен қалған жалғыз ғана сырғанақ тұр. Айналасының бәрі арам шөпке толып кеткен. Балалар үйдің алдындағы жылу құбырының үстінде ойнауда.

ойын алаңы
Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұл жерде ойын алаңын да, футбол алаңын салуға да орын жеткілікті. Бірақ 50 жыл бұрын орнатылған жалғыз сырғанақтан басқа ештеңе жоқ. Оның да айналасын қамыс басып кеткен",- дейді тұрғын Светлана Ангеловская.

Тұрғындардың айтуынша, Әуезов – 1, Волгаградская 3-5 көшелерінде де ойын алаңы мүлдем жоқ. Оның орнында үлкен қоқыс жәшіктері тұр.

қоқыс жәшіктері
Фото: KAZ.NUR.KZ

"Балаларды ойнату үшін басқа көшелерді аралап кетеміз. Шағын болса да ойын алаңын салып берсе деген тілегіміз бар. Қоқыс жәшіктерін басқа жерге орналастырып, орнына баларға алаң жасап берсе екен",- дейді Жилгородок ықшам ауданының тұрғыны Лидия Насенкова.

Аманшина көшесі №72, 74 үйдің тұрғындары балалар ойын алаңының сол жерден өтіп жатқан иісі жағымсыз су арнасының қасында орналасқанын айтады. Әбден тозып кеткен әткеншектер де ойнауға қауіпті.

"Сайдың иісіне шыдау мүмкін емес. Әткеншектердің де сау-тамтығы жоқ. Айналасы бітпейтін тұрбалар, қоқыс алаңы тым жақын орналасқан. Балаларға обал. Биыл балалар жылы дейді, қайда енді? Осылар үшін жағдай жасамай ма үкімет? Әкім қаланы аралап, балалар алаңының жағдайын неге көрмейді?", - дейді қала тұрғыны Мәрзия Кәден.

сырғанақ
Фото: KAZ.NUR.KZ

Қаланың қақ ортасында орналасқан Сәтпаев көшесінің тұрғындары да балалар үшін алаңдаулы. Бұл жердегі алаңда әткеншектердің түсі өңіп, сырғанақтар мүлдем қирап біткен. Айналасы қоқысқа толы.

"Тозығы жеткен сырғанақтар өте қауіпті. Соған қарамастан балалар сырғанап жатады. Осы маңда орналасқан №15 мектептің де оқушылары үзіліс кезінде осы жерге келіп ойнайды. Барлығы да әбден тозып кеткен. Айналасында шығып тұрған темірлер көп",- дейді екі баланың анасы Лаура Әжіғалиева.

Аула
Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырау қалалық әкімдігі ТКШ бөлімінің мәліметінше, қала бойынша 221 балалар алаңы бар. Олар 2010 жылдан бастап 2017 жылдар аралығында салынып, пайдалануға берілген.

"Қазіргі кезде барлық алаңдардың күйі нашар. 2020 жылға дейін, жылма-жыл ойын алаңдарын күтіп-ұстау жұмыстарына жергілікті бюджеттен шамамен 16 млн теңге қаражат көзі қаралып, осы қаражатқа жыл бойына 221 балалар ойын алаңы мен 33 спорттық-жаттығу алаңдарына күтім жасалып келген болатын.

Биыл "Атырау қаласындағы 100 ауланы абаттандыру" жобасын іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп 6 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу ашық электрондық конкурстары жарияланды. Қорытындысында "Атырау Көлік" ЖШС және "Риголит" ЖШС мекемелері жеңімпаз болып танылды. Қазіргі таңда жұмыстар басталды, дейді Атырау қалалық ТКШ-бөлімінің өндірістік- техникалық секторының бас маманы Эльдар Камидоллаев.

Жасақталған жобаларда тұрғын үйлер аулаларының автокөлік жолы мен жаяу жүргіншілер жолдарын қалпына келтіру, кеңейту, автотұрақтар орнын салу, әсемдік қоршаулар мен түнгі жарық шамдарын орнату, балалар ойын алаңдары, спорттық-жаттығу алаңдары мен кіші аяқ доп алаңдарын орнату, ағаштарды егу мен әртүрлі пішінде көркемдеу, қоқыс алаңшалары мен қоқыс жәшіктерін орнату және т.б. жұмыстар қаралған.

Әйгерім Сайқын, Атырау облысы

Суретті түсірген автор

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984269-oinaityn-zer-zoq-atyrauda-balalarga-arnalgan-oiyn-alandary-tozyp-tur-foto/

pixel