Елімізде ақбөкенді аулау бойынша шешім қазан айының соңына дейін қабылданады

Опубликовано:

Ақбөкен егіз төлімен
Фото: Instagram.com/sakendildakhmet

Қазақстанда ақбөкендердің санын азайту мәселесі бойынша шешім қазан айының соңына дейін қабылданады. Бұл туралы үкімет отырысынан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, қазір киіктердің санын азайту бойынша жұртшылықтан түскен бірнеше ұсыныс қаралып жатыр. Оның ішінде қасқырлардың көмегімен реттеу, киіктерді басқа аймаққа көшіру және аңшылық бар.

"Ақбөкендерді басқа аймақтарға мәжбүрлеп көшіру мәселесі. Көпшілік оларды басқа аймақтарға көшіруді қолдауда. Бірақ, өкінішке қарай, ғылыми қоғамдастық бұл әдістерді тиімсіз деп атады. Себебі, оларды айдауға тырысқан кезде киіктердің өлу ықтималдылығы жоғары болатыны және олардың бұрынғы мекендеріне қайта оралу мүмкін екені айтылды. Сондықтан бұл нұсқа қабылданбады", – дейді министр.

Брекешевтің сөзінше, көпшілік қасқырлардың санын көбейту туралы ұсыныс айтқан. Алайда бұл әдіс те тиімсіз.

"Қасқыр – негізінен әлсіреген, ауру жануарларға шабады. Ол "орман санитары" болып саналады. Сондықтан ол қайта популяцияны жақсартуға себепші: үйірде тек сау киіктер қалады", – дейді министр.

Министр келесі жылдан бастап спорттық және әуесқой аңшылықты ұйымдастыру мәселесі де қарастырылып жатқанын атап өтті.

"Ақылы аңшылық. Бұған дейін ақбөкеннің Қызыл кітапқа енбегені айтылған болатын. Бізде 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін аң аулауға тыйым салынған. Қазір бұл мәселелер қаралып жатыр. Жақын арада, қазан айының соңына дейін нақты шешімге келеміз", – дейді Серікқали Брекешев.

Министрдің айтуынша, бүгінде БҚО фермерлерінен шағым түскен жоқ, өйткені, ақбөкендер аталған аумақтан өтіп кеткен. Келтірілген шығынды бағалау әдістемесін әзірлеу жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы маусымның бірінші жартысында Ақмола облысының шаруалары ақбөкендер шаруашылықтарына қауіп төндіріп жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Олардың сөзінше, ақбөкендер егіс алқабына түсуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984417-elimizde-aqbokendi-aulau-boiynsa-qazan-aiynyn-sonyna-deiin-sesim-qabyldanady/