Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі оңалту орталығында бір үйдің екі баласы дене жарақатын алған

Опубликовано:

сынық
Көрнекі фото: Pixabay.com

Ақтөбедегі жеке оңалту орталығына ем алуға егіз ұлдарын жіберген ана жанайқайын жеткізді. Айтуынша, орталықта бір ұлы бақайын шығарып алса, екіншісінің иық сүйегі сынған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Гүлбану Жанбозова туғаннан психикалық дамуында ауытқуы бар егіз ұлдарын шілдеде оңалту орталығына ем алуға жатқызған.

Әуелі бір ұлы бақайы шығып кетіп, үйіне жылап келген. Ал он күннен соң екінші ұлы сол орталықта иығын сындырған.

"Маған түсіндіргендері бала әткеншектен құлап қалып, байқаусызда сындырды деді. Бірақ ешқандай жедел жәрдем шақыртпапты. Өздерінің көлігімен апарайыншы деп көмектесуге болады ғой. Біз жаяу үйге бардық. Үйде бала бақырып жылап, жедел жәрдем шақырттық. Адамгершілік деген болады ғой. Тіпті кешірім сұрған жоқ. Сөйлеспейді де", - дейді Гүлбану Жанбозова.

Телеарнаның мәліметінше, қазір зардап шеккен баланың иығына гипс салынған. Оны шешкеннен соң қайта оңалту шараларын жалғастыру керек екен. Оған қаржы қажет.

Егіз ұлдардың анасы оңалту орталығынан ем-шара үшін төлеген қаражатты қайтаруды сұраған.

"Бірінші кезекте менің айтқаным - біздің ақшамызды қайтарыңыз және де ем-шараның шығынын, бәрін төлеңіз, ең болмаса ананың алдында кешірім сұраңыз дедім. Екі бала бірдей бізге де ауыр ғой. Ол бала гипспен ұйықтай алмайды. Қиналады", - дейді Гүлбану Жанбозова.

Ал оңалту орталығының басшылығы балалардың орталықта осындайға жағдайға душар болғанын мойындайды. Бірақ бастапқыда олардың орталықта жарақат алғанын білмегенін жеткізді.

Мекемедегілер телеарнаға балалардың қандай жағдайда жарақат алғанын да айтып берген. Бірінші бала есіктің босағасына аяғын соғып, бақайын шығарып алса, екіншісінің әткеншектен құлаған кезде иығы сынған.

"Балалар орталықта болғанда олардың дене жарақаттарын алғанын білген жоқпыз. Кейін ауруханаға барғаннан кейін анықталды. Елу мың теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге дайынбыз. Балаларын жұбатсын деп шақыртқанбыз, анасын. Біз балаларға әрі қарайда оңалту қызметін, массаж, тағы басқа ем-шараларын ұсына аламыз. Көмектесуге дайынбыз", - дейді оңалту орталығының директоры Руслан Қазыбаев.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға қатысты тексеру шараларын жүргізетіндігін мәлім еткен. Сонымен бірге балалардың алдағы уақытта тегін ем алуына да көмектеспек.

"Бұл балалар осы қыркүйек айында облыс деңгейінде реаблитациялық орталықта ем алады. Желтоқсан айында республикалық оңалту орталығында ем алу үшін жоспарлы түрде порталға қойып, осы екі баланы жібереміз", - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

Телеарна дерегінше, балалардың анасы полицияға арызданған.

Авторы: Б. Рақметова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984522-aqtobede-onaltu-ortalygyna-ketken-egizderdin-biri-baqaiyn-sygaryp-alsa-ekinsisinin-igy-syngan/

pixel