Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында шырт ұйқыда жатқан отбасыны тонамақ болған күдіктілер ұсталды

Опубликовано:

күдіктілер
Күдіктілер. Фото: polisia.kz

Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов Келес ауданында түнгі уақытта өзгенің үйіне кіріп, қарақшылық шабуыл жасаған ағайынды жігіттердің ұсталғанын айтты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомстволық басылымның хабарлауынша, Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, қарақшылық шабуылдың құрбаны болғанын жеткізген. Ол түнгі сағат 02:00-де шырт ұйқыда жатқан кезде үйіне белгісіз екі ер адам кіргенін айтқан.

Осы сәтте үй иесі оянып кетіп, күдіктілерден кім екенін сұраған. Алайда олардың бірі жәбірленушінің аузын жауып, дауыс шығармауына әрекет еткен. Осы сәтте үй иесінің әйелі оянып кетіп, күйеуіне қауіп төндірген күдіктіге жармасқан.

Осындай арпалыс кезінде күдіктілердің бірі қолындағы пневматикалық қарумен оқ атып, үйден қашып кетеді. Нәтижесінде үй иесі жарақат алады.

Медиа-порталдың хабарлауынша, шырт ұйқыда жатқан отбасының тыныштығын бұзып, қарумен қылмыс жасаған күдіктілерді ұстауға тез арада Криминалдық полиция басқармасы мен Келес ауданының тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылған. Шара нәтижесінде жедел уәкілдер күдікті екі ер адамның жеке басын анықтаған.

"Келес ауданының тұрғындары бір-бірімен туыс, жұмыссыз жас жігіттер болып шықты. Олар полиция бөліміне жеткізілді. Тінту кезінде күдіктілерден айғақты зат ретінде пневматикалық қару тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған жайт Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды", - делінген хабарламада.

Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984752-turkistan-oblysynda-syrt-uiqyda-zatqan-otbasyny-tonamaq-bolgan-kudiktiler-ustaldy/

pixel