ҰҚК Кәрім Мәсімовке және ведомствоның бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады

Опубликовано:

Кәрім Мәсімов
Кәрім Мәсімов. Фото: knb.gov.kz

ҰҚК ресми сайтында ведомствоның бұрынғы басшылығына және өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағанын хабарлады.

"ҰҚК бұрынғы басшылығы К.Қ. Мәсімовке, А.Т. Садықұловқа, Д.Е. Ерғожинге, М.С. Өсіповке және лауазымды адамдар Д.М. Акиповке, Н.К. Бекмұратқа, А.А. қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады", - делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, Мәсімовтің және Садықұловтың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);

Ерғожиннің әрекеті Қылмыстық кодекстің 179-бабы 3-бөлігі (билікті күшпен басып алу) және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);

Өсіповтің әрекеті Қылмыстық кодекстің 362-бабы 3-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану);

Акипов пен Бекмұраттың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) сараланған.

"Қазіргі уақытта күдіктілер іс материалдарымен танысуда. Іс материалдарымен танысу кезеңінде Мәсімов пен Садықұловты қамауда ұстау мерзімі биылғы жылдың 6 қазанына дейін, Ерғожинді қамауда ұстау мерзімі 13 қазанға дейін және Өсіповті қамауда ұстау мерзімі 22 қазанға дейін ұзартылды", - делінген ҰҚК-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың 6 қаңтарында ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімовтің қызметінен кеткені белгілі болды.

Кейіннен оның мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталып, тергеу изоляторына қамалғаны хабарланды.

Одан бөлек ҰҚК Мәсімовке қатысты билікті күшпен басып алуға тырысты және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген фактілер бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар 13 қаңтар күні Кәрім Мәсімовтің бұрынғы орынбасарлары да ұсталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984818-uqk-karim-masimovke-zane-vedomstvonyn-buryngy-bassylygyna-qatysty-qylmystyq-isti-tergeudi-ayaqtady/