Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда жоқ пәтерді жалға беріп келген алаяқ ұсталды

Опубликовано:

Полицей
Көрнекі фото: piqsels.com

Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген 48 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатовтың мәліметінше, 48 жастағы ер адам 9 азаматты алдап үлгерген.

"А. есімді азамат Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген. Алаяқтық фактісі туралы шаһардың бірнеше тұрғыны полицияға хабарласқаннан кейін белгілі болды. Барлығының оқиғасы бірдей. Пәтер жалдауға тырысқан олар танымал интернет-сервистен хабарландыруларды іздеп тауып, нарықтағы бағадан төмен баға ұсынған адамға телефон соғады.

"Үй иесі" клиенттердің көптігін алға тартып, пәтерді бірінші болып ақша төлеген адамға беретінін айтып алдап соққан. Күдікті ақшаны алғаннан кейін бірден байланысқа шығуын тоқтатып, ұялы телефон нөмірін ауыстырып отырған", – дейді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Оның айтуынша, Алмалы аудандық полиция басқармасында алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Іс жүргізу барысында оның осыған ұқсас 9 эпизодқа қатысы бар екендігі анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 530 мың теңге.

"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қосымша тергеу жүргізілуде", – деді Қуатбек Науатов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984849-almatyda-zoq-paterdi-zalga-berip-kelgen-alayaq-ustaldy/

pixel