Лаоста еңбек құлдығына түскенін мәлімдеген қазақстандық қыз бостандыққа шықты (видео)
Жарияланған күні:
Лаоста еңбек құлдығына түскенін мәлімдеген қазақстандық бойжеткен бостандыққа шықты. Бұл туралы Instagram желісінде қыздың ағасы мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Анель қарындасым бостандықта. Оны менің досым қарсы алып алды. Олар қазір Бангкокке кетіп бара жатыр. Чанграйдан Таиландқа ұшады", - деді Қанат Бермағанбетов желіде жариялаған видеосында.
Оның сөзінше, қарындасы Анельді бостандыққа шығаруға өте көп күш жұмылдырылған. Айтуынша, Қазақстанның Сыртық істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Президент әкімшілігі, Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі, сондай-ақ, Ресейдің Лаостағы елшілігі және Халықаралық полиция күші іске қосылған.
Осы ретте қазақстандықты елге қайтару жұмысы қалай жүргізілгені жайлы Время басылымына Қазақстанның Вьетнамдағы консулы Әлімжан Өмірзақов пікір білдірген. Басылымның мәліметінше, дипломат Лаостан кеше ғана оралған.
"Мен Лаос астанасында Сыртқы істер министрлігі мен Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің жауапты қызметкерлерімен кездестім. Олардан отандасымызға заңды тұрғыда көмек көрсетілетіні жөнінде кепілдік алдым. Мен Лаостағы Қытай елшілігіне де жүгіндім, олар маған Анельді ұстап отырған автономиялық аймақтың қытайлық әкімшілігі өкілдерімен байланыс орнатуға көмектесті. Сондай-ақ екі ресейлік азаматшаны құтқарумен айналысып жүрген Вьентьяндағы Ресей консулына да алғысым шексіз.
Осы дайындық жұмыстарының және қытай тілін білуімнің арқасында мен Анель Бермағанбетованы жұмысқа алған қытайлық компанияның өкілімен сөйлесіп келісе алдым. Ол өзін таныстырудан бас тартты, бірақ қызды кепілде қалдырмайтынын айтты, бірақ кеткен шығынды өтеуді талап етті", - дейді СІМ өкілі.
Басылымның хабарлауынша, екі күнге созылған келіссөздер нәтижесінде қытайлықтар қызды Таиландқа жеткізген. Анельді Таиландтағы елшілік қызметкерлері елге қайтармақ.
Еске сала кетейік, осыған дейін қазақстандық Анель Бермағанбетова өз Instagram парақшасында Лаоста еңбек құлдығына түскені туралы жазба жариялаған еді. Қыздың мәлімдемесіне қатысты Қазақстанның Ішкі істер министрлігі пікір білдірген болатын.
Сондай-ақ, Сыртық істер министрлігі 19 тамызда қазақстандық қыздың консулға байланысқа шығып, өз жағдайын айтқанын хабарлаған. Ханойдағы Қазақстан елшілігі Лаостың Сыртқы істер министрлігіне отандасымызды құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985034-laosta-enbek-quldygyna-tuskenin-malimdegen-qazaqstandyq-qyz-bostandyqqa-syqty-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.