Роман Скляр: Жеңілдетілген автонесие сомасын ұлғайту мүмкіндігін іздейміз
Опубликовано:

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жеңілдетілген автонесие сомасын ұлғайтуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Автонесиелеу бойынша өтініштер көптеп түсуде, біз бұл соманы ұлғайту мүмкіндігін табуға тырысамыз", – дейді Роман Скляр үкімет кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, "ӨКМ Операторы" ЖШС бұғатталған 220 млрд теңгенің 100 млрд теңгесі жеңілдетілген автонесиелеуге бөлінген.
"30 млрд теңге – ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдікпен несиелеуге бағытталған. Олар комбайндарды, тракторларды жылдық 6 пайызбен бастапқы жарнасыз сатып ала алады. Бұл тәжірибені жалғастыру қажет деп есептеймін", – дейді премьер-министрдің орынбасары.
Айта кетейік, бүгінге дейін 12 мыңнан астам қазақстандық жеңілдетілген несиемен көлік алған.
Одан бөлек таяуда автокөліктерді жеңілдетілген несиемен беру бағдарламасына тағы 10 млрд теңге бөлінді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Өнеркәсіпті дамыту қорының дерегінше, 4 пайызбен берілетін автонесие бағдарламасына қатысушы "Еуразиялық банкке"– 35 млрд, "Банк Центр Кредитке" – 27,5 млрд, "Халық банкке" - 22,5 млрд және "Forte Bank"-ке 15 млрд теңге бөлінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985180-roman-sklyar-zenildetilgen-avtonesie-somasyn-ulgaitu-mumkindigin-izdeimiz/