Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның тұңғыш Энергетика министрі Қадыр Байкенов дүниеден өтті

Опубликовано:

Байкенов Кадыр
Фото: Пресс-служба АО "КТК-К"

"Каспий Құбыр Консорциумы" акционерлік қоғамы ұжымы мемлекеттік және саяси тұлға, мұнайгаз саласының ардагері Қадыр Байкеновтың отбасы мен туыстарына көңіл айтты. 

Қазақтың қара алтынының қадірін қастерлеп, құт берекесін ел игілігіне игерілуі үшін өмірін саф еткен Қадыр аға 78 жасында бақилық болды. Бұл қазалы хабар көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Әсіресе Қадыр Қарқабатұлымен бірге қызметтес болған я көз көргендерге қиын тиді. Өйткені, Қадыр аға кездескеннің бірін де бей жай қалдырмайтын. Оның жарқын жүзі, ашық мінезі, жылы сөздері кез-келгеннің жанын баурап алатын.

Қадыр Қарқабатұлы 1944 жылы тамыздың оны күні Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданы Кумашкино ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын инженерден бастаған Қадыр аға 1985 – 1991 жылдары коммунистік партияның хатшысы, Қазақ КСРО министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Алматы қалалық компартиялық кеңестің төрағасы қызметтерінде болған. 1991-1993 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы премьер-министірінің орынбасары қызметін атқарды.

Қадыр  Байкенов  есімін естігендер ол кісінің Қазақстанның тұңғыш Энергетика және отын ресурстарының министрі болғанын бірден еске түсіреді.

Одан кейін әлемге паш еткен "Ғасыр келісімшарты" яғни Қазақстан мен Шеврон компаниясы арасындағы келіссөздер жүргізуші жұмыс тобын басқарды, Қарашығанақ газконденсаты кен орнын игеру, Каспий қайраңын барлау және "Каспий Құбыр Консорциумын" құру жобаларында жетекшілік етті. Қадыр Қарқабатұлы Теңіз-Новороссийск мұнай тасымалдау құбырының салынуына бас-көз болып, жобаның сәтті жүзеге асуына ықпалдасқан тұлға.

Қадыр аға әркез белсенді еді. Осы уақытқа дейін Инжинирингті компаниялар одағын, Қазақстан жұмысшылары конфедерациясын басқарып келген. Ұзақ жылдар бойы "Каспий Құбыр Консорциумының" атқарушы дирекциясының құрамында болды.

Түрлі лауазым иесі болса да, биік белестерді алса да Қадыр ағаның тұла бойынан бір сәтке де қарапайымдылық, көрегенділік, даналық қасиеттері кеткен емес.

"Каспий Құбыр Консорциумы" акционерлік қоғамы ұжымы мемлекеттік және саяси тұлға, мұнайгаз саласының ардагері қадірлі Қадыр Қарқабатұлы Байкеновтың жақындарына қайғырып, көңіл айтады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985734-qazaqstannyn-tungys-energetika-ministri-qadyr-baikenov-dunieden-otti/

pixel