Желіде Қостанай облысындағы өрттің тасталған бомбадан басталғаны туралы жалған ақпарат пайда болды

Опубликовано:

Әуедегі әскери ұшақ
Көрнекі фото: Pixabay.com

Ғаламторда Қостанай облысындағы өрттер әскери ұшақтан қателікпен түсірілген бомбадан басталғанын айтқан видео тарады. StopFake.kz басылымы қазақстандықтарды мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аталған видео YouTube арналарының бірінде жарияланған. Автор Қостанай облысындағы ауқымды орман өрттерінің себебін ашып береді-мыс.

Дауыстық хабарламада Қазақстанның үстімен Ресейдің Ту-95 ұшағы ұшып бара жатқаны, оның басқаруында мас ұшқыш болғаны айтылады. Комментатордың айтуынша, тасталған бомба өрттің шығуына себеп болған.

Факт-тексерушілер түсініктеме алу үшін Қорғаныс министрлігіне жүгінді.

"Қазақстан Республикасы аумағынан рұқсатсыз ұшып өткен шетелдік әуе кемелері туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, – деп хабарлады ведомстводан.

Қазіргі уақытта өрттердің нақты себептері анықталуда.

Естеріңізге салсақ, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бүгін, 7 қыркүйек күні сағат 15:00-де Қостанай облысының Әулиекөл ауданында табиғи өрттің ауыздықталғанын хабарлады. Кеше Төтенше жағдайлар министрлігінде Әулиекөл ауданындағы елді мекендерде қауіп сейілгенін, орманда ашық жалын жоқтығын атап өтті.

Кейін экологтар аймақтың экожүйесін қалпына келтіру үшін кемінде 70 жыл қажет екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1986686-zelide-qostanai-oblysyndagy-orttin-tastalgan-bombadan-bastalgany-turaly-zalgan-aqparat-paida-boldy/