Алматыда 4 ай бұрын шұңқырға құлап мерт болған бүлдіршіннің анасы әділдік іздеп, заңгерге жүгінді

Опубликовано:

шұңқыр
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда 4 ай бұрын шұңқырға құлап мерт болған 4 жастағы бүлдіршіннің анасы оның өліміне кінәлілер жазасыз қалуы мүмкін деп алаңдаулы. Алматылық әйелдің айтуынша, оқыс оқиғадан бері біраз уақыт өтсе де, құзырлы орган тарапынан жауап ала алмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Теларнаның хабарлауынша, полиция департаменті тергеу жұмысының әлі де жүріп жатқанын жеткізген.

Марқұмның анасы Әйгерім Ошақбаеваның телеарна тілшісіне айтуынша, ол сол күні оқыс оқиғаға дейін екі баласымен аулада отырған. Кейін кенжесінің жөргегін ауыстырмақ болып үйге кірген екен. Ал аулада ойнап жүрген 4 жастағы Рамазан қас пен көздің арасында із-түссіз жоғалып кеткен.

"Айналада жоқ. Содан сыртқа шығып, дүкен мен ойын алаңынан іздедік. Оны үй артындағы қазылған шұңқырға кетеді деп мың ұйықтасам да түсіме, ойыма кірмепті. Айналып таппаған соң, сол жаққа барған кезде баламның су бетінде қалқып жатқанын өз көзіммен көрдім", – деді марқұмның анасы Әйгерім Ошақбаева.

Тұңғышының су бетінде қалқып жатқанын көрген ананың шырылдаған дауысына маңдағы жұрт жиналып, бүлдіршінді алып шығуға тырысқан. Әйгерімнің айтуынша, сол кезде төменге түскен ересек адамдардың өзіне шұңқырдан шығу оңай болмапты. Ал аумақ болса жөнді қоршалмай, қараусыз жатқан көрінеді.

Теларна мәлім еткендейі, өлімге себеп болған су толы шұңқыр бүгінде көмулі жатыр. Одан бөлек, аумаққа жауапты мердігерлер қара жамылған отбасына келіп, қаржылай көмек көрсететінін айтқан.

"Олар келгенімен, кешірім сұрағанымен, моральдық шығын өтегенімен балам орнына келе ме?! Балам қайта ма?! Мен осы қиындықпен өмірімнің соңына дейін өмір сүремін", – дейді Әйгерім Ошақбаева.

Оқиға болған күннен бастап өзін жегідей жеген ананың бар талабы – кінәлілердің жазасыз қалмауы. Оның айтуынша, құзырлы орган үнсіз отыр. Тіпті осы аралықта олардан "жәбірленуші" ретінде жауап та алынбапты. Сондықтан бұл отбасы заңгерге жүгінген.

"Баланың ата-анасы бұл істе "жәбірленуші" ретінде қарастырылып жатқан жоқ. Ол былай тұрсын, қылмыстық іске қатысты күдіктілер де анықталмаған. Мен адвокат ретінде бір шикілік бар дер едім. Жұмыстың осыншама уақытқа созылуы істі жылы жабудың амалы секілді", – дейді адвокат Анна Туловская.

Телеарна мәліметінше, полиция департаменті тергеу жұмысының әлі де жүріп жатқанын және "Тау-кен немесе құрылыс жұмысын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.

"Кінәлі адамдар міндетті түрде заң шеңберінде жазасын алады. Бұл істің тергелу барысы Алматы қалалық полиция департаментінің басшылығы және Алатау аудандық прокуратурасының жіті назарында", – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1987858-almatyda-4-ai-buryn-sunqyrga-qulap-mert-bolgan-buldirsinnin-anasy-adildik-izdep-zangerge-zugindi/