Желідегі видеодан кейін басы дауға қалған Маңғыстау әкімі қызметінен кетті

Опубликовано:

Оқиға орны. Видеодан кадр:
Оқиға орны. Видеодан кадр:: Lada.kz

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағамбетовке ұқсайтын адамның күзет қызметкеріне жұдырық жұмсаған видеосы тараған болатын. Алайда облыс әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Көп ұзамай, Көшмағамбетов қызметінен кетті. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің Facebook парақшасынан мәлім болды.

Ведомствоның мәліметінше, Тілек Көшмағамбетов өз еркімен қызметінен кетуге өтініш жазған.

Маңғыстау облысының әкімі оның осы уақытқа дейінгі қызметі үшін алғыс білдіріп, Маңғыстау ауданына жаңа әкім ретінде Ғалымжан Ниязовты тағайындады.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде екі ер адамның төбелесі тарап кеткен еді. Видеода галстук таққан азаматтың қарсыласына жұдырық жұмсағанын анық көруге болады.

Көпшілік видеодағы жейде киген ер адам Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағамбетов екенін жазды. Алайда Маңғыстау әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарған болатын.

КТК арнасының мәліметінше, әкімге күзет қызметкері тұрғын үй кешеніне кіруге рұқсат бермеген. Ал әкімге оның бұл әрекеті ұнамаған.

NUR.KZ тілшісі Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөзіне осы оқиғаға қатысты сауалнама жолдаған. Портал Маңғыстау ауданының бұрынғы әкіміне қатысты тексеру жұмыстарының жүргізілу барысын және бейнетаспаға түскен адамның жеке басына қатысты білгісі келген.

Бірақ, ведомство әкімнің қызметтен кетуіне байланысты тексерістің тоқтағанын мәлім етті.

"Белгісіз. Тілек Көшмағамбетов қызметінен кетті. Терсеру жұмыстары тоқтатылды", - деді ведомство.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1988215-zelidegi-videodan-keiin-basy-dauga-qalgan-mangystau-akimi-qyzmetinen-ketti/