Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сәл жаңбыр жауса, езіліп кетеді": Ақтөбеден 300 шақырым жердегі ауыл жолы тұрғындардың мазасын қашырды (фото)

Опубликовано:

Көптоғай ауылы
Ақтөбе облысы, Көптоғай ауылы. Фото: NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылында жол мен жайылым мәселесі тұрғындардың көңілін көншітпеуде. KAZ.NUR.KZ тілшісі облыс орталығынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан ауылға барып, тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты.

Көптоғайлықтардың басты базынасы аудан мен ауыл арасындағы жол. Тұрғындар балшықтан жасалып, аяқталмай қалған трасса жаңбыр жауса езіліп кететінін тілге тиек етуде. Қыруар бюджет қаражатына жұмсалған жол пайдаға жарамай тұр, дейді олар.

"Канада әдісімен жол салды. Асфальт деп салған жол құрамында қиыршық тас не цемент атымен жоқ. Сәл жаңбыр жауса жол езіліп кетеді. Ондай кезде ауырған адам ауданға жете алмай қалады. Ауылға емес, малшы ауылға апаратын жол сияқты", – дейді жолдың жайын айтқан ауыл тұрғындары.

Көптоғай ауылындағы жол
Көптоғай ауылындағы жол. Фото: NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ауыл әкімі ауданмен арадағы жол құрылысы тиісті деңгейде жүзеге асырылмаған соң, төлемнің толық аударылмағанын және жол құрылысына қатысты материалдардың сотта қаралып жатқанын айтты. Ал көктемде су шайып кетпеуі үшін бөгет суағар салып, аудандық бюджет есебінен жөнделетіннін айтты.

Одан бөлек Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев ауыл өмірінің тірлігін баяндап, ағынан жарылды. Айтуынша, ауылда жайылымдық жер тапшы. Мұнда 6500 бас ірі қара, 60 мың басқа жуық жылқы, 32 бас ұсақ мал бар. Ауыл әкімі "мал ұстаймын" дегендерге жер тауып берудің қиынға соғып тұрғанын да жасырмайды.

"Шаруа қожалығы жоқ болса да үйінде 100-180 сиыр ұстап отырғандар бар. Малдарын ауылда бос қалған үйлерге кіргізеді", – дейді әкім.

Көптоғай ауылындағы көлік
Көптоғай ауылындағы көлік. Фото: NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ауыл басшысы Көптоғайға су тарту, газ тарту жұмыстарының құжаттары рәсімделіп жатқанын айтты.

Сондай-ақ әкім ауылдағы мектептердің жайына тоқталып, ауылда үздік оқушылардың көп екенін мақтан тұтатынын алға тартты.

Айтуынша, ауылдағы 460 орындық мектепте 260 бала оқиды. Мектепке интерактивті тақта қойылып, арнайы кабинеттер жабдықталған. Білім ордасы қыста көмірмен жылынады.

Көптоғай ауылы
Көптоғай ауылындағы мектеп. Фото: NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Еңбекті көрген балалар білімге де құштар. Жетістіктері жоғары. Қуанамыз. Осы балалар үшін барлық жағдай жасауға күш салып жатырмыз", - дейді ауыл әкімі.

Ал кезінде совхоз қоймасы болған ғимарат бүгінде балабақша ретінде пайдаланылады. Балабақша меңгерушісі Мейрамгүл Омарованың айтуынша, мұнда 20 баладан 2 топта 40 бала тәрбиеленеді. Аядай жерді тап-тұйнақтай етіп ұстап отыр. Балалардың ой-өрісін дамыту үшін түрлі бұрыштар ашып қойған.

Ауылда демографиялық өсім төмен. Соңғы жылдары бала туу көрсеткіші азайған. Ауыл фельдшерінің айтуынша, 6-7 жыл бұрын ауылда жылына 60-70 бала өміре келсе, қазір 45-50 бала ғана туылады.

Ауылдың бес дүкен, 150 адамдық шағын тойханасы бар. Ауылдағы мен мұндалап тұрған ғимараттардың бірі – мәдениет үйі. Бұл ғимарат көптоғайлықтар үшін бай кітапханасымен ерекше. Ауыл кітапханасының оқырмандары аз емес.

"Ауылда кітап оқитындар көп. Дені ересек кісілер. Көпшілігі кітапты үйіне алып оқиды. Үлкен кісілердің үйіне өзіміз апарып беріп отырамыз. Көбіне мал соңында жүрген малшылар әдеби кітаптарды жастанып тұрып оқиды. Олар бірден оншақты кітапты қыстаққа алып кетеді. Далалықта жүріп кітап оқиды, кейін алмастырып алып тұрады", - дейді кітапханашы Әлия Омарова.

Автор: Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1988220-sal-zanbyr-zausa-ezilip-ketedi-aqtobeden-300-saqyrym-zerdegi-auyl-zoly-turgyndardyn-mazasyn-qasyrdy-foto/

pixel