Ақтөбеде "туған қызын азғындық жолға түсірді" деген айып тағылып, 9 жылға сотталған әйел ақталып шықты

Опубликовано:

Сот
Сот балғасы. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбеде "туған қызын азғындық жолға түсірді" деп айыпталып, 9 жылға сотталған әйел ақталып шықты, деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

29 жастағы ақтөбелік келіншек бір жарым жылын темір тордың ар жағында өткізді. Оған "туған қызын азғындық жолға түсірді" деген айып тағылған болатын. Келіншектің өзін жазықсыз екенін дәлелдеп, абақтыдан шыққанына бір ай болды.

Сот материалдарына сүйенсек, қылмыстық іс 2020 жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған. Ол кезде әйелін айыптап, 10 жасар қыздың туған әкесі, яғни келіншектің бұрынғы күйеуі сотқа шағым түсірген.

Келіншектің бұрынғы күйеуі қызының телефонындағы "өшірілген" фотолардың арасынан жасөспірімнің жалаңаш суретін тауып алған. Ол суретті қыздың анасы мен оның танысы түсірді деп кінә таққан.

Сот осы арыз негізінде Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша ("Жасөспірімді азғындық жолға түсіру") қыздың 29 жастағы анасын 9 жылға, оның 51 жастағы танысын 7 жылға бас бостандығынан айырған.

Араға бір жарым жыл салып, сотталғандар ақталып шықты.

"Кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін ұзақ уақыт кетті. Фото жасалған кезде менің басқа жерде болғаным, танысымның да біздің қасымызда болмағаны дәлелденді. Компьютерлік тексеріс фото телефонның алдыңғы камерасы арқылы түсірілгенін анықтады. Қызым іші пысқанда суретті өзі түсіргенін айтты. Бұрынғы күйеуім мені осыған дейін де бірнеше рет қорқытып, абақтыға отырғызатынын айтқан. Айтқанын істеді.

Мен қазір осы жағдайдан кейін жолдасым алып кеткен балаларыма да жақындай алмаймын. Тағы да жала жабыла ма деп қорқамын. Сондықтан заң арқылы балаларымды қайтарып алуды армандаймын", - дейді келіншектің өзі.

Осылайша, тамыз айында өткен Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық қарау сатысында айыпталушыларға ақтау туралы үкім шыққан. Заң талаптарына сәйкес, іс жабық тәртіпте қаралды.

Сот алқасы айыпталушылардың фото түсірілген кезде қаланың басқа бөліктерінде екі бөлек жүргенін айтқан.

Сотта жауап алынған ұялы байланыс операторларының қызметкерлері іске қатысты егжей-тегжейлі мәліметтерді бөліскен. Фотосуреттер негізгі ғана емес, сонымен қатар алдыңғы камерамен де жасалған (селфи). Бұл фотосуреттер қыздың телефонынан түсірілген, ешкімге жіберілмеген және бірден жойылғаны анықталған.

"Айыптау тек кәмелетке толмағандардың қарама-қайшы айғақтарына негізделді, олар басқа дәлелдермен теріске шығарылды және жәбірленуші болған психологиялық жағдайдың күшіне күмән келтірді.

Осының негізінде сот алқасы Ж. мен М.-ны кінәсіз деп танып, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауы себепті, оларды ақтады", - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар сот жазықсыз айыпталғандардың келтірілген зиянды оңалтуға және өтетуге құқығы бар екенін түсіндірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1988915-aqtobede-tugan-qyzyn-azgyndyq-zolga-tusirdi-degen-aiyp-tagylyp-9-zylga-sottalgan-aiel-aqtalyp-syqty/