Көші-қон комитеті: Ресейден келген азаматтар тарапынан құқықбұзушылық тіркелген жоқ

Опубликовано:

Әуежайдың іші
Әуежай. Көрнекі фото: pixabay.com

ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов ведомствода өткен брифингте Қазақстанға қанша Ресей азаматы келгенін айтып берді, сонымен қатар ол ресейліктер тарапынан құқықбұзушылық болмағанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Комитет басшысы жалпы биыл көші-қон саласы үшін ерекше жыл екенін атап өтті.

Аслан Аталықовтың сөзінше, жыл басынан бері елімізге 4 млн 399 мың шетелдік келген. Оның ішінде Ресейден 1 млн 700 мың, Өзбекстаннан 1,5 млн-нан аса, Қырғызстаннан 547 мың, Тәжікстаннан 200 мыңнан аса адам келген.

Сондай-ақ осы уақыт ішінде Қазақстаннан 4 млн 155 мың шетел азаматы кеткен. Оның ішінде 1 млн 666 мың Ресей, 1 млн 777 мың Өзбекстан, 540 мың Қырғызстан және 196 мың Тәжікстан азаматы бар.

Аталықовтың мәліметінше, Қазақстанға пандемияға дейін келген ресейліктер саны қазіргі уақытта келгендермен салыстырғанда екі есе көп болған.

"2019 жылы яғни пандемияға дейін Қазақстанға 2 млн 875 мың Ресей азаматы келді. Ал биылғы 9 айда бұл көрсеткіш - 1 млн 600 мыңды құрады", - дейді ол.

Алайда Аслан Аталықовтың айтуынша, Ресей билігінің таяудағы шешімінен кейін өткен аптадан бастап Ресейден келушілер саны екі есеге артқан. Сол себепті шекарадағы өткізу пункттерінде кептеліс байқалуда дейді ол.

Комитет төрағасының міндетін атқарушы Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараның ұзындығы 7591 шақырымды құрайтынын еске салды.

"Бұл әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы. Сондықтан үлкен көші-қон ағыны, әрине, бірінші кезекте көрші болуымызға байланысты. Ресей азаматтары үшін Қазақстанның транзиттік әлеуеті бар екенін ұмытпау керек. Иммигранттар ағынының тағы бір себебі - олар біздің әуежайларды қоныс аудару үшін пайдаланады", - дейді Аслан Аталықов.

Сонымен қатар Аслан Аталықов еліміз келген мигранттар тіркеуге алынып, олардың Қазақстанда болу мерзімі қадағаланатынын жеткізді.

"Көші-қон заңнамасын бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады, Ресейден келген азаматтар тарапынан ешқандай құқықбұзушылық болған жоқ", - деп түйіндеді сөзін спикер.

Айта кетейік, 21 қыркүйекте Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ресейліктерге үндеу жасап, елде ішінара мобилизация жариялады.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Қазақстан-Ресей шекарасында ұзын-сонар тізіліп тұрған көліктердің фото-видеосы пайда болды.

23 қыркүйекте еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан-Ресей шекарасындағы ахуалға қатысты пікір білдіріп, Қазақстанға кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын хабарлады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, соңғы күндері Ресейден Қазақстанға көлік ағыны 20 пайызға артқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1989590-kosi-qon-komiteti-reseiden-kelgen-azamattar-esqandai-quqyqbuzusylyq-zasagan-zoq/