Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде мектеп оқушыларына манту орнына БЦЖ салған медбикеге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Опубликовано:

Вакцина
Екпе салып жатқан мейірбике. Көрнекі фото: pixabay.com

Бірінші сынып оқушыларына манту сынамасының орнына БЦЖ вакцинасын салған медицина қызметкері қазір тергеуде. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы баспасөз мәслихаты барысында айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі мектептердің бірінде 42 балаға мантудың орнына басқа екпе егілгені белгілі болған еді. Енді тергеу тәжірибелі медицина қызметкерінің ұнтақты сұйық вакцинамен қалай шатастырып алғанын анықтап жатыр.

"Оның 16 жылдық тәжірибесі бар. Бұл адами фактор. Қазір ештеңе айта алмаймын. Медбике ампуланы шатастырып алғанын мойындады. Иә, ампулалар әр түрлі. Манту – бұл туберкулин. Ол ампулада сұйық күйде болады. БЦЖ-да сондай ампула. Бірақ ол ұнтақ күйінде болады және міндетті түрде арнайы ерітіндімен араластырады", – дейді Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Бастапқыда бірінші сыныптың 61 оқушысына екпе салу көзделген. Дегенмен олардың 42-сіне ғана екпе егілген. Қалған балалар ата-анасының бас тартуына байланысты екпе алмаған. Ал екпе алғандар екі аптадан кейін өзін жайсыз сезініп, кейбір балалардың дене қызуы көтерілген. Екпе орны ісініп, іріңдей бастаған. Осыдан кейін ата-аналар дабыл қаққан. Нәтижесінде бірінші сынып оқушыларына туберкулиндік сынаманың орнына БЦЖ вакцинасы салынғаны анықталған.

Бұл жайт болған мектепке тендерді жеңіп алған жеке клиника қызмет көрсетеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы педиатр да, медбике де тергеудің нәтижесіне қарамастан, кез келген жағдайда жұмыстан босатылатынын жеткізді. Әзірге олар жұмыстан шеттетілген.

Ал зардап шеккен балаларға медициналық орталық есебінен барлық қажетті ем-дом шаралары жасалып, тегін ыстық тамақ берілмек. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұндай жағдай бірінші рет болып отырғанын, алайда балалардың денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын атап өтті.

"Қателік кеткенін мойындаймыз. Ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүргізілді. Бірақ қорқуға еш негізгі жоқ. БЦЖ денеге енген соң әсерін беріп, жара болды. Бұл жақсы. Демек антидене қалыптасып жатыр. Оны шұқып, таңып, мазь жағудың қажеті жоқ. Бәрі бір айдың ішінде жазылады. Қызуы көтерілді, іші ауырды деп ата-аналар хабарласты. Бәрі қалпына келеді", - деп келтірді Қазақпарат Рүстем Исаевтың сөзін.

Еске салайық, бұған дейін бұл жайтқа қатысты Денсаулық сақтау министрлігі пікір білдіріп, қызметтік тексеріс басталғанын хабарлаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990133-aqtobede-mektep-oqusylaryna-mantu-ornyna-bcz-salgan-medbikege-qatysty-qylmystyq-is-qozgaldy/

pixel