Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада Еуразияда баламасы жоқ ғарыш модулінің таныстырылымы болып өтті

Опубликовано:

ғарыш модулі ұсынылды
Фото: ESV баспасөз қызметі

Digital Bridge 2022 форумында Eurasian Space Ventures (ESV) жеке компаниясының бірегей эксперименттік ғарыш модулі таныстырылды. Бұл Еуразия құрлығында баламасы жоқ ғарышқа ұшу және ғылыми эксперименттердің модельдік зерттеулерін жүргізуге арналған жер үстіндегі эксперименттік кешен.

Құрлықтағы эксперимент кешені ғарыш станциясының бір бөлігі түрінде тұрғызылып, онда зерттеушілер ұзақ мерзімді эксперименттер жүргізетін болады. Модульдің жұмысқа жарамдылығын жергілікті тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қамтамасыз етпек. Зерттеу жобаларының қатысушылары ғарыштағы оқшаулануға барынша ұқсастырылған тұрақты ортада жұмыс істейтін болады.

"Модульді құру мақсаты — ғарышқа ұшудың негізгі ерекшеліктерін ұқсастыру. Біз сынаушылардың барлық қажеттіліктерін зерттеп, ХҒС-да, Nasa, сондай-ақ "Роскосмос" және Еуропа ғарыш агенттігінің жобаларында қолданылатын ең үздік әлемдік тәжірибелерді ескердік. Енді Қазақстан оларға және басқа да ғылыми орталарға жабық ортада түрлі эксперименттер жүргізу үшін бірегей алаң ұсына алады", — деді Eurasian Space Ventures негізін қалаушы, Еуразиялық банк директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов.

Digital Bridge форумында көпшіліктің назарына бірегей ғарыш модулі ұсынылды
Фото: ESV баспасөз қызметі

Көрме алаңын экспонаттармен жабдықтау аяқталғаннан кейін модуль Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығының аумағына орнату үшін "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының иелігіне берілетін болады.

"Қазақстан Ғарыш Сапары" АҚ Басқарма Төрағасы, атақты қазақстандық ғарышкер және модуль құруға бастамашы болған Айдын Айымбетов модульдегі эксперименттер жақын арада басталатынын хабарлады. Оның айтуынша, қазақстандық эксперименттік кешен болашақта жүздеген ғалымдарды қабылдап, өзін ғарыш экипажының мүшесі сияқты сезінгісі келетін туристер үшін есігін айқара ашатын болады.

Ғалымдар мен болашақ ғарышкерлер тобы ғарыш модуліне зерттеу миссиясын орындау үшін ұзақ мерзімге қабылданады. Эксперименттің бүкіл барысында зерттеушілер тобы жабық кеңістікте сынақтан өтеді. Бұл болашақ экипаж мүшелерінің денсаулығы мен мінез-құлқы, олардың психологиялық үйлесімділігі туралы қажетті деректерді жинауға, ұшуды имитациялаудың бүкіл эксперименті кезінде басқару пунктінен келіп түсетін техникалық тапсырмаларды жүзеге асыру кезінде команда ішіндегі осал тұстарды анықтауға мүмкіндік береді.

Digital Bridge форумында көпшіліктің назарына бірегей ғарыш модулі ұсынылды
Фото: ESV баспасөз қызметі

Модульдің техникалық ерекшеліктері туралы анықтама:

Халықаралық тәжірибе негізінде ESV командасы эксперимент орталығының оңтайлы орналасуын ойластырды. Ғарыш жағдайларын органикалық түрде сезіну үшін модульдердің футуризмді, шағын кеңістіктердің эргономикасын, сондай-ақ көпсалалы функционалдылықты қамтитын стильде интерьер дизайны жасалды.

Кешен жалпы ұзындығы 24 метр, ені 3,5 метр және төбенің биіктігі 2,1 метр болатын, ғарыштағы жағдайларға барынша ұқсастырылған 4 модульден тұрады. Орталық жиынтығына басқару пунктіне ұқсастырылған инженерлік модуль, қызметтік модуль, тұрғынжай модулі және тіршілікті қамтамасыз ету модулі кіреді.

Басқару пунктінде бір мезгілде 5 маманға дейін жұмыс істей алады. Жұмыс орындары сенсорлармен басқарылады және борт статистикасы көрсетілетін қосалқы экрандармен жабдықталған. Келіссөздер бөлмесі түріндегі қызметтік модульде ұжымдық жұмыстар жүргізіліп, станциямен байланыс орнатылады және мәселелердің шешімдері жоспарланады.

Тұрғынжай модулі адамға қажеттінің бәрімен жабдықталады және 3 аймаққа бөлінеді: асханасы бар ықшам асүй, екі қабатты кереуеттер мен жеке шкафтар қойылған, сондай-ақ ванна және шағын дәретханасы бар жатын бөлме.

Барлық коммуникациялары бар тіршілікті қамтамасыз ету модулімен тікелей байланысқандықтан, орталық модульдерінің әрқайсысы оқшау жұмыс істей алады.

Эксперименттік орталықты құрудың стандарттан тыс міндеті әрбір модульдің қаңқасын құрастырудан бастап, үздік әлемдік тәжірибелер негізінде бірегей жобалауды және жобасы "таза парақтан бастап" құруды талап етті. Модульдегі жылудың оқшаулануы қалалық ортаның нормативінен 3 есе жоғары.

Модульдер ауаны ішке сору-сыртқа шығару жүйесімен, жылыту және ауа баптау, климатты басқару жүйелерімен, сондай-ақ өрт дабылдағышымен және авариялық есіктермен жабдықталған. Адам өмірі қауіпсіздігінің барлық шарттары сақталған.

Барлық модульдер дыбыстық сүйемелдеумен, сондай-ақ әртүрлі сценарийлерді жүзеге асыруға бейімделетін жарықпен жабдықталған. Бейімделгіш автоматтандырылған жүйенің арқасында барлық модульдерге және олардың бөліктеріне бұйрықтар жіберу арқылы дауыспен басқару мүмкіндігі, сонымен қатар әртүрлі сценарийлерді әзірлеу және түзету мүмкіндігі қарастырылған.

Eurasian Space Ventures – елімізге ғарыш саласындағы жетекші әлемдік компанияларды, технологияларды тартумен айналысатын алғашқы қазақстандық жеке ғарыш компаниясы. ESV негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов –кәсіпкер, ERG ірі халықаралық тау-кен компаниясының менеджерлер кеңесінің мүшесі, Еуразиялық банк пен "Еуразия" БК Директорлар кеңесінің мүшесі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990240-astanada-euraziyada-balamasy-zoq-garys-modulinin-tanystyrylymy-bolyp-otti/

pixel