Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Семейде Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткішті ашты (фото, видео )

Опубликовано:

Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты
Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Абай облысына жұмыс сапары барысында жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым Қайым Мұхамедхановқа арналған ескерткішті ашты, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Президент шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде екі тұлғаның төл тарихымызда ерекше орын алатынын атап өтті.

ескерткіштің ашылуына келген азаматтар
Ескерткіштің ашылуына келген азаматтар. Фото: Ақорда

"Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Мұхтар Әуезов Абайды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты.

Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды. Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал Қайым Мұхамедханов – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті. Ол бүкіл ғұмырын Абайтану, Шәкәрімтану және Алаштану ғылымына арнады. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет етті", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұрат Әуезов
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовпен. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ұлт тарихындағы біртуар тұлғаларымызды ұлықтау парыз екенін және бұл ескерткіш Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық тойына тарту болғанын  айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысуға келген бір топ зиялы қауым өкілімен кездесті. Олардың қатарында жазушы мен ғалымның ұрпақтары, абайтанушылар, осы өңірде туып-өскен бірқатар ақын-жазушылар болды.

Президент шараға келген бір топ зиялы қауым өкілімен
Президент шараға келген бір топ зиялы қауым өкілімен. Фото: Ақорда

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған "Ұстаз бен шәкірт" ескерткішінің авторы – Нұрбол Қалиев.

Мүсін композициясы қоладан, тұғыры тұтас күрт гранитінен жасалған ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Өнер туындысы демеушілер есебінен бой көтерген.

"Ұстаз бен шәкірт" ескерткіші
"Ұстаз бен шәкірт" ескерткіші. Фото: Ақорда

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990459-toqaev-muxtar-auezov-pen-qaiym-muxamedxanovqa-arnalgan-eskertkisti-saltanatty-turde-asty-foto-video/

pixel