Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тәуелсіздік түлеткен тұлға": Қызылордада Республикалық ғылыми конференция өтті

Опубликовано:

жиын
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сыр елінде Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына арналған Республикалық ғылыми конференция өтті.

Бүгін Сыр елінде Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына арналған “Тәуелсіздік түлеткен тұлға” атты республикалық ғылыми конференция өткізілді.

Конференцияны модератор ретінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жүргізді.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов, техника ғылымдарының докторы Әлімжан Құртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұл, Ұзақбай Қараманұлының жұбайы Ұлдай апа, балалары,туған-туыстары, замандастары сондай-ақ, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

конференция
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Айдынды Аралдан түлеп шыққан сұңғыла саясаткердің құрметіне арналған республикалық конференцияда ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев, мемлекет және қоғам қайраткері экономика ғылымдарының докторы, профессор Бердібек Сапарбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммед құттықтау хаттарын жолдады.

Аймақ басшысы қайраткердің өмір жолы мен еңбегіне тоқталып, қазақ елінің дамуына қосқан үлесі туралы сөз қозғады.

"Ұзақбай Қараманов еліміздегі құрылыс индустриясының алғашқы қарлығаштарының бірі. Ағамыз қандай қызметте жүрсе де, туып-өскен жері Арал халқының мүддесінен өзін жырақ ұстаған емес. 1960 жылдары айдынды Арал тартыла бастағанда, Ұзақбай Қараманов "Арал-Аманөткел су құбырын" тарту жұмысына басшылық жасап, жүз шақырымға жуық арна құрылысын салды.

"Өзімнің емес, елдің болашағы үшін тер төгіп жүрмін" деген ұстанымды басшылыққа алған ағамыз 1989 жылы шілде айында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Министрлер Кеңесінің Төрағасы болғанға дейінгі қызметтердің бәрінде де өзінің азаматтық келбетін жоғалтпай, білімі мен қабілеттерін шыңдай білді. 1990 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Тұңғыш Премьер-Министрі болды.

Ұзақбай Қараманұлы бастаған үкімет ауыртпалықтарды жоюға, жұртшылықтың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтуға қажырлы еңбек сіңірді. Тәуелсіздіктің негізін қалауға атсалысты", - деді Н.Нәлібаев.

Нәлібаев
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Республикалық конференцияда Ұзақбай Қарамановтың еңбекпен өрілген өмірінен естеліктер айтылып, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бақытжан Жұмағұлов, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов ой толғамын жеткізді.

Сондай-ақ Ұзақбай Қарамановтың жұбайы Ұлдай Раметоллаева абзал азаматтың қарапайымдылығы мен адалдығы туралы жылы естеліктермен бөлісті.

жиын
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жиын соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев конференция жұмысына қатысқан барша қауымға ризашылығын білдіріп, мұндай шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын жеткізді.

Айта кетейік, бүгін туған жерінің даңқты перзенті Ұзақбай Қарамановқа көше атауы берілді. Қазірдің өзінде өзі туып-өскен қасиетті Арал аймағында орта білім беру ұйымы есімін иеленсе, алдағы уақытта облыс орталығынан ағамызға арналған бюст ескерткішін орнату жұмыстары қолға алынды.

Ұзақбай Қараманұлы халқы алдындағы адал қызметі үшін Кеңес Одағының жоғарғы наградасының бірі "Еңбек Қызыл Ту" орденімен, Тәуелсіз еліміздің II дәрежелі "Барыс","Парасат" ордендерімен және басқа да марапаттармен наградталды.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Қызылорда облысының, Алматы, Қызылорда қалаларының, Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы атанды.

Үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, екі мәрте ҚР Парламентінің депутаты болды. Қазақстан Құрылысшылар одағының негізін қалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990560-tauelsizdik-tuletken-tulga-qyzylordada-respublikalyq-gylymi-konferenciya-otti/

pixel