Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кішкентай ғана ауылға жағдай жасамайды": Ералы Тоғжанов шаңға көміліп отырған ауылға барып, тыныс-тіршілігімен танысты

Опубликовано:

Ералы Тоғажанов Бершүгір ауылында
Ералы Тоғажанов Бершүгір ауылында. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысындағы Бершүгір тұрғындарының жанайқайы билік назарына ілікті. Бұған дейін халық бірнеше жылдан бері Батыс өңірін қиыршық таспен қамтамасыз етіп отырған ауылдың жағдайы мүшкіл екенін айтқан еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Шалқар ауданы Бершүгір ауылдық округіне арнайы барып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Ауылдың жұтаң өмірі өңір басшысын бей-жай қалдырмады.

"Ауылға кірдім. Ешқандай көмектің ізі жоқ. Ауыл ақсақалдары "адам түгілі малдың өкпесі қарайып кетеді" деп көмек сұрады. Ауыл азаматтары шаң жұтып отырғанын айтты. Ұзақ жылдан бері жұмыс істеп жатқан сегіз компания кішкентай ғана ауылға жағдай жасамайды. Аудан әкімі, ауыл әкімі сонда не істеп отырсыздар?", – дейді Ералы Тоғжанов.

Бершүгір ауылдық округінің әкімі Айтқали Жұбаназаров ауыл айналасында жұмыс істеп жатқан оншақты зауыт мерекелік, спорттық іс-шараларда демеушілік ететінін және мектепке жол акциясы, қарттар күні, атаулы мерекелерде балаларға сыйлық ұйымдастыратынын жеткізді.

"Сонымен отырасыздар ма? Ауылға жағдай жасау керек емес пе? Осындайдан кейін халық ренжиді. Елдің арасында отырсыздар. Мүмкіндік бар. Сегіз зауыт жұмыс істеп жатыр. Олар кішкентай ауылға ғана емес, ауданға көмектесу керек", – дейді Ералы Тоғжанов.

Осы ретте облыс әкімі теміржолдың бойында отырған 2200-ден аса тұрғыны бар ауылдың жағдайын көтеруді тапсырды. Сондай-ақ сябақ, демалыс орындарын салу керектігін айтты.

Экология департаментінің мәліметінше, Бершүгір ауылдық округі айналасындағы зауыттар халықтың шағымы бойынша 2019 жылы тексерілген. Мекемелерде заң бұзушылықтар анықталып, 19 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. 2021 жылы да 5-6 компанияға қатысты тексеріс болып, оның екеуінен заң бұзушылық анықталып, тағы айыппұл салынған.

Ауыл жағдайының мәз емес екенін айтқан өңір басшысы экология департаментіне дүйсенбіден бастап комиссия жіберуді де тапсырды және істің прокуратураға жолданатынын айтты. Сонымен қатар Ералы Тоғжанов заңға, талапқа сай жұмыс істеу керектігін ескертіп, ауылға асфальт төсеу қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, Бершүгір ауылдық округі облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықта жатыр.

Ауыл іргесінде қиыршық тас өндірумен айналысатын компаниялар жұмыс істейді. Бұл компанияларда жарылыс жұмыстары жиі жүреді. Тау бөктеріндегі жарылыс жұмыстары химиялық заттармен жасалатындықтан шаң мен жағымсыз иіс ауылға тез жетеді.

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990778-kiskentai-gana-auylga-zagdai-zasamaidy-eraly-togzanov-sanga-komilip-otyrgan-auylga-baryp-tynys-tirsiligimen-tanysty/

pixel