Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық жастар Назарбаев Университетіне оқуға түсудің шарттарымен танысты

Опубликовано:

NU
Фото: NUR.KZ

Назарбаев Университеті Алматыда Ашық есік күнін өткізді. Қала жастары университет оқытушыларымен, түлектерімен және қызметкерлерімен кездесті. Олар университетте оқу шарттарымен танысып, оқуға түсу жайында, грант түрлері туралы өздеріне қажетті мағлұмат алып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ашық есік күніне келгендер диплом алғаннан кейін түлектерге қандай мүмкіндіктер ашылатынын да біліп, өздерін қызықтыратын сауалдарға жауап алды. Сондай-ақ Назарбаев Университетінің профессорларымен пікір алмасты.

Айта кету керек, небәрі 12 жылдың ішінде Назарбаев Университетінен 7 мыңға жуық түлек түлеп ұшқан. Бүгінгі тағда олар отандық және шетелдік танымал компанияларда еңбек етуде, тіпті кейбірі Кремний алқабында табысты қызмет істеп жүр. Түлектердің көбі бизнеспен айналыса отырып, еліміздің және әлемнің жетекші университеттерінде оқуын жалғастыруда.

Шарада сөз алған Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі Деканының орынбасары, лингвист Андрей Фильченконың сөзінше, Назарбаев Университетіне (НУ) қабылдау мен оқу меритократия қағидаттарына негізделген. Мұнда студенттер алғашқы күннен бастап профессорлармен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

NU
Фото: NUR.KZ
"Біздің мектеп (факультет) Назарбаев Университетіндегі ірі мектептердің бірі (2,5 мыңнан астам студент оқиды) және оқытатын мамандықтар бойынша диапазоны ең кең мектеп. Мұнда химия, биология, физика-математикадан бастап, әдебиет, кинематографияға дейін қамтылған. Бакалавриат бойынша 10, магистратура және докторантура бойынша 11 мамандық бар. Экономика, саясаттану, халықаралық қатынастар, әлеуметтану, лингвистика, тарих, философия, әдебиеттану мамандықтарына сұраныс өте жоғары, яғни барлық мамандықтар айтарлықтай танымал. Бізде оқу ағылшын тілінде. Сондықтан, бізге түскісі келетіндердің IELTS сертификаты болуы шарт. Ағылшын тілін жетік меңгермеген студенттер үшін бізде арнайы 1 жылдық бағдарлама (Foundation) бар. Студенттерге барынша мүмкіндіктер жасалады", - дейді ол.

Университет өкілінің сөзінше, оқу орнында әлемнің 59 елінен келген оқытушылар – ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатысатын ғылым докторлары сабақ береді. Педагогикалық ұжымның 30 пайызға жуығы – қазақстандықтар.

Назарбаев Университеті баспасөз қызметі хабарлағандай, оқу орнында білім алатын студенттер әлеуметтік-экономикалық жағдайы әртүрлі отбасылардан шыққан және олардың 30 пайызы әлеуметтік жағынан осал топтарға жатады. Айта кетерлік жайт, 10 бакалаврдың 4-і Назарбаев Университетін бітіргеннен кейін оқуын жалғастырған. Мамандар бұл көрсеткіштің халықаралық контексте жоғары екенін атап өткен. Одан бөлек, түлектердің көбі Қазақстанда қалып, еліміздің білім беру саласында, оның ішінде жоғары позицияда жұмыс істейтіні айтылды.

NU
Фото: NUR.KZ

Биыл университетте 6 807 адам білім алуда, оның ішінде 35 елден келген 190 шетелдік студент бар. Түлектерге геоғылым, цифрлық ғылым, мемлекеттік басқару, білім, инженерия, медицина және т.б. салаларда әлемдік деңгейдегі диплом берілетінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, шара барысынан белгілі болғандай, Назарбаев Университеті Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің бағдарламалары да жоғары сұранысқа ие. Бүгінгі таңда мұнда бакалавриат, магистратура және докторантураны қосқанда 2 500-ден астам студент білім алады. Мектептен болашақ бағдарламашылар, робототехника мамандары мен инженерлер білім алып шығады.

"Мектебіміздің студенттері қызықты және халықаралық жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бізде 70-тен астам зертхана бар, білім алушылар онда өз дағдыларын шыңдайды. Кейбір студенттер әртүрлі елдерге барып, тәжірибе алмасады. Мысалы, біздің болашақ инженер-техник мамандарымыз Shell Eco-Marathon халықаралық экологиялық таза автокөліктер байқауына қатысатын көліктерді жасаумен айналысты. Сондай-ақ, әртүрлі жобаларға маманданған арнайы клубтар бар", - деді Назарбаев Университеті Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің Қауымдастырылған профессор Константинос Костас.
NU
Фото: NUR.KZ

Профессордың айтуынша, бұл мектептің түлектері Қазақстанда ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Олардың кейбірі Meta, Google, Schlumberger сияқты жаһандық алпауыт компанияларда жұмыс істейді.

Назарбаев Университетінде Медицина мектебі де бар. Онда "Медицина ғылымдарының бакалавры", мейірбике ісі, биомедициналық ғылым, медицина докторы, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламаларын оқып шығуға болады. Университеттегі Медициналық орталық (UMC) клиникалары ауруханалық көмек сапасының халықаралық стандарты – Joint Commission International аккредитациясынан өткен.

NU
Фото: NUR.KZ

Университеттің академиялық денсаулық сақтау жүйесі елдегі басқа медициналық университеттер мен университеттік ауруханалар үшін бағдарлау қызметін атқарады. Бұл туралы көпшілікті Студенттік және оқу ісі жөніндегі Деканның орынбасары, Қауымдастырылған профессор Сайед Али мәлім етті. Оның сөзінше, студенттер клиникалық тәжірибе жинақтайды және оқуды бітіргеннен кейін резидентурадан өтеді.

Алдағы уақытта Қазақстанның бірқатар өңірі мен қалаларында Назарбаев Университеті күндері өтеді деп жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990937-almatylyq-zastar-nazarbaev-universitetine-oquga-tusudin-sarttarymen-tanysty/

pixel