Бас прокуратура Қостанайдағы қару-жарақ дүкенінде болған жарылыс себебін айтты

Опубликовано:

қару дүкені
Жарылыс болған орын. Видеодан кадр: Instagram.com/oruzheynayapalata

Бас прокуратура Қостанайдағы "Оружейная палата" дүкеніндегі жарылыс пен өртке қатысты тергеуді жалғастыруда. Төрт адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алған төтенше жағдайдың себебі белгілі болды, деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.

Оқыс жағдай 3 қыркүйекте орын алған. Өрт салдарынан 11 адам зардап шегіп, төртеуі қайтыс болған. Олардың барлығы дүкеннің жұмыскерлері еді. Жарылыстан көршілес орналасқан коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлерге де зақым келді.

"Тергеу анықтағандай, дүкеннің басшысы оқ-дәрі өткізуге рұқсаты болғандықтан, оқиға қарсаңында Қарағанды облысынан "Сокол" маркалы 40 келі оқ-дәріні кейіннен өлшеп орау және сату үшін сатып алған.

Бұл оқ-дәрі Қостанай қаласына ауа температурасы 36 градус ыстық болған кезде қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұза отырып тасымалданған және жарылыс орын алған дүкеннің жертөле бөлмесіне сақтауға қойылған.

Сарапшылар жарылыс оқ-дәрінің тұтануынан болған, бұл қирауға және өрттің тұтануына әкеп соқты деген қорытындыға келді", - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесі анықталуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990938-bas-prokuratura-qostanaidagy-qaru-zaraq-dukeninde-bolgan-zarylys-sebebin-aitty/