Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Нақты сыртқы контурдан": Бағдат Мусин Қазнетке жасалып жатқан кибершабуылдар туралы айтты

Опубликовано:

Бағдат Мусин
Бағдат Мусин. Фото: Primeminister.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үкімет кулуарында соңғы екі аптада Қазнетке жасалып жатқан кибершабуылдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бағдат Мусин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде Қазақстанға нақты қай елден шабуыл жасалып жатқаны туралы деректер әлі жоқ екенін айтты.

"DDoS шабуылдар қай жақтан жасалып жатыр оның артында қандай ұйым тұр – бұл жайлы ақпарат бере алмаймыз. Себебі бізде бұған қатысты деректер жоқ. Бұл шабуылдарды ұйымдастырушылар прокси серверлерді, VPN-серверлерді қолданып, солармен бүркемеленуге тырысады.

Белгілі бір механизмдер бар, дегенмен олардың өзі шабуыл жайлы құпиялықты сақтап қалады. Осы шабуылдарға байланысты мемлекеттің барлық ресми ресурстары мен интернет желілеріне белгілі бір жүктеме түсуде. Нақты ақпаратты уәкілетті ұйымнан алуға ​​болады", – дейді ол.

Сонымен бірге министр шабуыл сырттан жасалып жатқанына сенімді екенін атап өтті.

"Ішкі контурдан жасалған шабуылдар сыртқыға қарағанда әлдеқайда айқын болады. Сондықтан бұл нақты сыртқы контурдан, яғни Қазақстаннан тысқары жерлерден жасалып жатқан шабуылдар", – дейді Бағдат Мусин.

Министр бұл ретте өзі басқаратын ведомство киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеп жатқанын жеткізді.

"Нақтырақ айтсақ, шабуылдарды жою, себеп-салдарын жоюмен айналысатын ұйым – "Мемлекеттік техникалық қызмет". Яғни, мұндай шабуылдардың алдын алу үшін олардың барлық құралдары мен ресурстары бар. Бұл ұйым осы киберқалқанды басқаруға құрылған", – дейді ол.

Еске салайық, 24 қыркүйек күні бірқатар қазақстандық БАҚ сайттарына жасалған DDoS шабуылдар туралы хабарлаған болатын. Сол кезде "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ DDoS-шабуылдар бірнеше шетелдік дереккөздерден жасалғанын және интернет жылдамдығының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Қыркүйектің 29-ы күні қазақстандықтар интернеттің жылдамдығына байланысты жаппай шағымдана бастады.

Бұған қатысты "Мемлекеттік техникалық қызмет" пікір білдіріп, ел аумағында интернет сапасының нашарлау себебін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990972-naqty-syrtqy-konturdan-bagdat-musin-qaznetke-zasalgan-sabuyldar-turaly-aitty/

pixel