Қостанай облысында оқушының "басын унитазбен жарамын" деп қорқытқан мектеп директорына сөгіс жарияланды

Опубликовано:

Қаламмен жазып жатыр
Көрнекі фото: Pexels.com

Қостанай облысындағы ауыл мектебінің директоры оқушыны қорқытқаны үшін сөгіс алды. Қазір бұл істі полицейлер тексеруде, деп хабарлайды ТоболИнфо басылымы.

Білім мекемесінің басшысымен әңгімесін баланың өзі диктофонға жазып алып, интернетке жариялаған.

Жазбада директордың оқушыға дауыс көтеріп, "басын унитазбен жарамын" деп қорқытқаны естіледі.

"Мен ешкіммен қалжыңдаспаймын, мектепте 36 жылдан бері жұмыс істеймін, сен сияқтылармен не істегенімді білесің... Мен басын унитазға тығып жіберуім де мүмкін. Келесі жолы унитазбен басыңды жарсам, ешкім білмей қалады. Сүрінсең, айтайын. Мен сенімен қалжыңдаспаймын, бұл соңғы рет болсын", - деп келтіреді басылым директор сөзін.

Облыстық білім басқармасы мектеп директорының педагогикалық әдепті бұзу фактісі орын алғанын мойындаған.

"Бұл оқиға оқушылардың мектеп мүлкіне бірнеше рет зиян келтіру фактілерінен кейін орын алды. Мектепте ата-аналар жиналысы өтіп, онда директор кешірім сұрап, тараптар татуласты. Қостанай аудандық білім бөлімінің Әдеп жөніндегі кеңесі осы мәселе бойынша шешім қабылдады. Директорға сөгіс жарияланды", - деп хабарлады Қостанай облысы Білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Басылымның мәліметінше, оқиғаны қазір полиция тексеріп жатыр. Оған құқық қорғау органдары тиісті бағасын береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991321-qostanai-oblysynda-oqusynyn-basyn-unitazben-zaramyn-dep-qorqytqan-mektep-direktoryna-sogis-zariyalandy/