Қырғызстанда заңсыз жүрген бес қазақстандық бала елге қайтарылды

Опубликовано:

балалар
Балалар. Көрнекі фото: pixabay.com

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2022 жылдың басынан бері Қырғызстаннан кәмелетке толмаған бес жасөспірімді елге қайтарды. Балалар көрші елде заңсыз жүрген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті биыл Қырғызстаннан Қазақстанға кәмелетке толмаған бес баланы – үш қыз бен екі ұлды қайтарған.

"Бірінші жағдай - 2011 жылы туған қыз Қырғызстанның Панфилов ауданында заңсыз болған. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, баланың анасы тиісті құжаттарды ресімдемей, қызын тәрбиелеуге көрші мемлекетке бейтаныс адамдарға жіберген", - дейді Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.

Оның сөзінше, қыз бала жақын туысының өтініші бойынша Қазақстанға қайтарылған.

Сондай-ақ, министрліктің мәліметінше, 2009 және 2011 жылы туған әпкелі-інілі бауырлар Бішкекте заңсыз жүрген. Оларды елге қайтару қажеттігі туралы Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік органдары арқылы өтініш түскен.

"Тағы бір оқиға - 2010 және 2015 жылы туған аға-қарындас бауырлар Қырғызстанның Ош облысы Қара-Суй ауданында тұрып жатқан. Балалар туыстарының үйінде заңсыз жүрген, олар аналарының өтініші бойынша отанына қайтарылды", - деді Бейсембаев.

Кәмелетке толмағандардың барлығы Алматыдағы Балаларды қолдау орталығына жеткізілді. Қазір Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес оларды туыстарына беру жұмыстары жүргізілуде.

"Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ТМД-ға мүше мемлекеттердің Ынтымақтастық туралы келісіміне сәйкес кәмелетке толмаған балалардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің өтініші бойынша олардың тұрғылықты жеріне қайтарылуына жәрдемдеседі. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады", - дейді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991504-qyrgyzstanda-zansyz-zurgen-bes-qazaqstandyq-bala-elge-qaitaryldy/