"Елге қалай түсіндіресіздер": Ақтөбенің шұрық-тесік жолдарымен жүрген Тоғжанов шенеуніктерді сұрақтың астына алды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысындағы Болгарка тас жолының жайы адам шошырлық. Асфальт шашылып, тас жол ойылып, шұңқырға толған. Темір ауданына "Болгарка-Шұбарқұдық" тас жолымен барған Ералы Тоғжанов көліктен түсе сала жолға жауапты мамандарды сұрақтың астына алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Мына жолдың жағдайын көрдіңіз бе? Басқарма, көлік инспекциясы, аудан әкімдіктерінің бақылауы қайда? Бұл жолға қанша қаржы құйылды. Оны елге қалай түсіндіресіз, мұндай жолмен адамдар қалай жүруі керек", - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Облыстағы жолға жауапты мамандар мұны Қандыағаш тас жолындағы жөндеу жұмыстарымен байланыстырды. Тек жеңіл көліктердің ғана жүруіне рұқсат етілген Болгарка тас жолымен ауыр жүк көліктері өткен соң жағдайы нашарлап кеткен.
"Ауыр жүк көліктері жүруге болмайтын болса көлік инспекциясы қайда? Қандай шара қабылдадыңыздар, қанша машина тоқтаттыңыздар, сіздің атыңыздан жазылған хат саны қанша? Неге ауыр жүк көліктерінің жүруіне мүмкіндік бердіңіздер. Сұрақтың үстіне сұрақ. Бәріңіз де жауап бересіздер",- деді әкім.
Тоғжановтың сауалдарына жергілікті шенеуніктер жауап бере алмай састы. Өңір басшысы Болгарка тас жолын ай соңына дейін қалыпқа келтіруді міндеттеді.
Ақтөбедегі жол мәселесі неше жылдан бері халықтың жанайқайына айналған өзекті мәселелердің бірі. Жұмысты тиянақсыз атқарған бірнеше мердігер ісі сотта жатыр.
Ақтөбе облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл облыс аумағында 668 км жолда жұмыстар жүріп жатыр. Оның ішінде 400 шақырымнан астамы жергілікті маңызы бар жол. Бұл жұмыстар аяқталғаннаң өзінде өңірдегі жол сапасының жақсаруы бойынша 72 пайызға әрең жетеміз. Ал қазіргі уақытта облыстағы жолдың 66,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
"Ең проблемалық жол – Оңтүстік айналма жолы. 15-қазанға дейін оның бір бағытын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Төрт жолақты жолдың екі жолағы қолданысқа беріледі. Кейін ауа райына қарай екінші екі жолағының құрылысы жалғасады",- дейді Айбек Қайыр.
Облыстағы Ойыл ауданы Көптоғай ауылына апаратын 21 шақырымдық жол жайы да бірнеше жылдан бері жыр боп тұр.
"Бұл жол канадалық технология бойынша жасалған. Маған дейін болған басшысы қолдап, жасап бастаған. Негізгі ой асфальт-бетон жамылғыға қарағанда 30-43 пайызға ақша үнемдейді. Құрамында қиыршық тас 30 пайыздан кем болмауы тиіс еді. Мердігер құрылыс кезінде өлшемді сақтамаған. Оларға қатысты да талап арыз жасалды. Арнайы тексеру жүргізілді, құрамы дұрыс емес екені анықталды. Осы жолды кепілдік міндеті аясында қайта салуды міндеттейміз. Құны 437 млн теңгені құрайтын пилоттық жобаға тапсырыс беруші Ойыл аудандық әкімдігі", - дейді проблемалық жолдардың жайын баяндаған жол басқармасының басшысы.
Өңірде миллиондап ақша жұмсалған "Покровка-Ембі-Темір-Кеңқияқ" жолы да аяқталмай тұр.
"30 шақырымдық жолдың құны 934 млн теңге. 2021 жылы басталды. 2022 жылы 661 млн теңге ақшаны аудару керек еді. Аудармадық. Асфальтты толық жапты. Тексерген кезде талапқа сай болмай шықты. Ұлттық сапа орталығының зерттеу қорытындысы бар. Жұмысқа салғырт қарайтын мердігер ретінде тануды ұсындық", - дейді Айбек Қайыр.
Автор: Ардақ Ерубаева, Ақтөбе
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991655-elge-qalai-tusindiresizder-aqtobenin-suryq-tesik-zoldarymen-zurgen-togzanov-seneunikterdi-suraqtyn-astyna-aldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.