"Өртті бақылап отырған": Түркістан облысында шөп артылған жүк көлігіне от қойған адам видеоға түсіп қалды

Опубликовано:

өрт
Өртенген жүк көлігі. Видеодан кадр: Telegram/POLICE_of_KZ

Түркістан облысының полицейлері шөп артылған жүк көлігін өртеп жіберген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция мәліметінше, 8 қазан күні сағат 21.50 шамасында Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне ауыл көшелерінің бірінде шөп артып алған ГАЗ 53 жүк көлігі жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері бірден барған. Тәртіп сақшылары анықтағандай, белгісіз біреу Бәйдібек ауданының тұрғынына тиесілі 280 пресі тиелген жүк көлігін өртеп жіберген. Жәбірленушіге жалпы көлемі шамамен алты миллион теңгеге жуық шығын келген.

"Оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырды, куәлардан жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер жүк көлігіне келіп, ондағы шөпті өртеп жіберген күдікті адамның бейнесін көрді. Ол от қойғаннан кейін орындыққа отырып, өртті бақылаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде Сайрам ауданының тұрғынын анықтады", - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, ер адам мас күйінде белгісіз себептермен жәбірленушінің көлігін өртеп жіберген.

Полиция қазіргі уақытта аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 202-бабы "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша тіркеді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991872-ortti-baqylap-otyrgan-turkistan-oblysynda-sop-artylgan-zuk-koligine-ot-qoigan-adam-videoga-tusip-qaldy/