Атырауда 4 сынып оқушылары мектепте "әлімжеттік көргенін" айтып, шағымданған

Опубликовано:

Оқушы
Оқушы. Көрнекі фото: pixabay.com

Желіде атыраулық 4-сынып оқушылары "әлімжеттік көруі" себепті сабаққа барудан бас тартқаны туралы хабарлама тарады. Балалар ата-аналарына жоғары сынып оқушылары ақша жинап, қорқытқанын және құрғақ ұнтақ жеуге мәжбүрлегенін айтып, шағымданған. Ақпаратқа Өңірлік коммуникациялар қызметі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, өткен аптада әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Атырау қаласындағы мектепте оқитын 4-сынып оқушысының анасының аудио хабарламасы тараған.

Онда әйел ұлына және оның құрдастарына жоғары сынып оқушылары психологиялық қысым, күш көрсететінін мәлімдеген. Сонымен қатар оның айтуынша, жоғары сынып оқушылары ақша жинаумен айналысып, психотроптық қасиеті болуы мүмкін сусын (еркін саудаланады) ұнтағын жеуге мәжбүрлеген.

"Алайда тексеру жұмыстары барасында бұл фактілер расталған жоқ. Аудио хабарлама таралғаннан кейін 4-сынып оқушыларының ата-аналарының, мектеп әкімшілігінің, мұғалімдердің және полиция өкілдерінің қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Оқушылардың өздерімен мектеп психологтары әңгімелесті.

Тәркіленген ұнтақ сараптамаға жіберілді, оның қорытындысы бойынша сусын ұнтағының құрамында психотроптық заттар жоқ екені анықталды. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларының 4-сынып оқушыларынан ақша жинау фактісі де расталмады", - делінген Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан хабарламада.

Ведомство өкілдері қалалық білім бөлімі комиссия құрып, оның мүшелері ата-аналармен кездесіп, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.

"Сонымен қатар жағдайды түсіндіргеннен кейін құқық қорғау органдарына жүгінген екі ата-ана арыздарын қайтарып алғанын айта кету керек", - дейді ведомство өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992100-atyrauda-4-synyp-oqusylary-mektepte-alimzettik-korgenin-aityp-sagymdangan/