Алматы мектептері қытай тілін заңсыз оқытып жүр
Опубликовано:
Алматыда қытай тілін заңсыз оқыту тыйыла бастады.
Ұстаздарымыз еш сараптамадан өтпеген, Үрімшіде басылған кітаппен екі жыл шәкірттердің басын қатырған. Алматы арнасының "Тіл сақшысы" бағдарламасы дабыл қаққан соң, №148 мектеп "Қытай тілі" пәнін 2-сыныптан оқытуды доғарған. Ал, үш мектеп әлі оқытуда. Бірақ, министрліктің рұқсатын көрсете алмады.
ӨМІРБЕК АЙТУҒАНҰЛЫ , №148 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ОҚУ ІСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
- Біз ол факультативтік сабақты алып тастадық.
- Мүлдем алып тастадыңыздар ма?
- Иә, кітаптарды қайтарып алдық, ақшаларын өздеріне бердік.
№148 мектептің ұстаздары да, Білім басқармасы да қытай тілі тек үйірме ретінде өткен, доғардық дейді. Ең қызығы 2 жыл бойы "Әліппе" мен "Ана тілінің" жанына балаларымыздың қытай тілін қосақтап оқығанын бірде бір басшы байқамаған, бірде бір ата-ана мәселе етіп көтермеген.
Министрліктің рұқсаты жоқ, Қытайда басылған кітап ғылыми кеңестің талқысынан өтпеген. Қазақшасы қате-қате. Сонымен бұл тек үйірме болған деген уәж үстем болып тұр.
Ал, оқушылардың күнделіктеріне назар салсақ, қытай тілі, кәдімгі міндетті пән ретінде кестеде тұр. Біз бір ошақтағы сабақтардың заңсыз екенін дәлелдеп, тоқтатқанымызбен 62, 105, 36 мектептер 5-сыныптан бастап қытайшаны оқытуды жалғастырып жатыр. Рұқсат бар ма деген сұраққа тағы ешкім жауап бере алмады.
Оқушы № 62 мектеп:
- Қытай тілін қай кітаппен оқып жатырсыңдар?
- Мына кітаппен оқимыз.
- Қаншаға сатып алдыңдар?
- 2800 теңгеге.
ЛӘЙЛӘ БАЙЫМБЕТОВА, №32 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ОҚУ ІСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
- Министрліктің бұйрығы бар ма қытай тілін оқыту туралы?
- Жоқ, бұйрығы жоқ.
- Неге? Қалай рұқсатсыз оқытып жатырсыздар?
- ...
- Қытайдан кітапты 230 теңгеге сатып алып, балаларға 2800 теңгеден сатып жатырсыздар? Бұл бизнес қой сонда.
- ...
Ең сорақысы, қытайшаның Үрімшіде басылған оқулығын балалар сатып алған. Бағасы 1800 -2800 теңгеге дейін толқып тұр. Ол қаржы қайда кетті, кімнің қалтасына түсті, ол жағын анықтауға журналистерде құзыр жоқ. Құдіретті органдар қызығып жатса анықтап алар.
Осыдан барып Қазақстандағы кейбір гимназиялар мен мектептер білім министрлігіне бағынбайды-ау деген күдікті ой келді басымызға. Бағынатын болса, Астанадағылар мемлекеттік стандартпен бекітілмеген пәндердің жүріп жатқанын көрмей ме? Мұғалімдер министрліктен рұқсат жоқ, - дейді, ал басқармадағылар басқаша сөйлейді.
САИДА ТОКЕЕВА, АЛМАТЫ Қ. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
"Қытай тілін оқытуға гос. стандарт бар бізде, мен қазір Астанадамын. Ал, гос стандарт бойынша рұқсат".
Қызықтың көкесін сол стандарттар үшін жауапты адамға сұрақ қойғанда көрдік. Министр Жұмағұлов ешқандай қытай тілі туралы естімеген де, білмейді де!
БАҚЫТЖАН ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ:
- А вы знаете, что в алматинских школах учеников учат китайскому языку?
- Что? Нет в курсе?
- Вы не слышали об этом?
- Нет, не слышал!
Қытай тілі кітабын біреулердің таза бизнеске айналдырып алғаны көзге ұрып тұр. Баласының басы қатқанда батылдық таппай ата-аналар тілін тістеп қалғанымен мектептердегі сорақылық зиялы қауымды оятқандай.
СОФЫ СМАТАЕВ, ЖАЗУШЫ:
- Қытайдың тілін үйрету деген тірлік ол барып тұрған келеңсіз, қылмыстық іспен пара-пар нәрсе. Жас жеткіншектің тілі 10-15-ке дейін өз тілінде өзінің ана тілінде шығу керек. Ал, оған біресе орыс тілін тықпаладық, біресе ағылшын тілін тықпаладық, енді келіп қытай тілін тықпалайтын болсақ, ол өзіміздің ұрпағымызды, келешегімізді бірден жою деген сөз.
Арнамыздағы "Тіл сақшысы" жүре сөйлеп жауап берген Бақытжан Жұмағұловтың ізінен толыққанды жауап сұрап үшбу хат жолдап еді. Жауап әлі жоқ. Ал, қытай тілін заңсыз оқытқандар жеңіл жазамен құтылыпты. Қазақ баласының рухани әлеміне келген орасан зиянның орны сонымен толады деп есептесе керек басшылар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/199220-almaty-mektepteri-kytaj-tilin-zansyz-okytyp-zhyr/