"Адам ондай істемейді": Алматы облысындағы ауылда бейіттердің темір қоршауы тоналуда

Опубликовано:

бейіт қоршауы
Тоналған бейіттер. Видеодан кадр: Алматы арнасы

Алматы облысы Ұзынағаш ауылының зиратында жиырма шақты бейіттің шойын қоршауы қолды болып, тас-талқаны шыққан. 20 күн бұрын арыз бергендерін айтқан шағымданушылардың сөзінше, бұл іске қатысты әлі нәтиже жоқ, деп хабарлайды Алматы арнасы.

Марқұмдардың туыстары қылмыскерлерді ұстап, жазалауды талап етуде.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, жергілікті тұрғынның әкесі жатқан бейіттің шойын темірлерін әлдебіреулер тонап кеткен.

"1984 жылы қойдық мынаны, Адам болса ондай істемейді. Қанша қоршауды алып кеткен, ешкім іздемейді", – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Марат Қарабаев.

Ауыл тұрғыны бейіттің тоналғанын алғаш анықтағанда-ақ полицияға хабарлаған. Алайда арыз жазғанына жиырма күнге таяп қалса да, еш хабар жоқ екенін айтады.

Телеарна мәліметінше, бейіттің темірлерін сатып, теңгеге айналдырғандар бірнеше темірді кесіп, дайындап қойған.

"Мынау мұсылман бейітінде қорқынышты жағдай орын алып жатыр. Айтып жеткізудің өзі қиын. Барлық зиратты суретке түсіріп алдым. Арыз бердім. Бұны тоқтатпаса, жалғаса береді", – деді Алматы қаласының тұрғыны Зухра Қарабаева.

Жедел тергеу тобы ұрлық болған жерден тауып алған айғақ заттарды өз назарына алды. Олар арыз түскелі бері күні-түні жұмыс жүргізіп жатқанын айтады.

"Бұл факті бойынша биыл 24 қыркүйекте арыз түскен. Ол бойынша біз қылмыстық іс тіркелді, тергеліп жатыр. Шақыруларыңыз бойынша жедел тергеу тобы келді, қазір оқиға орнында жұмыс жасап жатыр", – деді Жамбыл АПБ бастығының орынбасары Жарқын Есжанов.

Ал арызданушылардың айтуынша, моланың мүлкін сатып ақша қылатындар алдымен темір алатын орындарға баруы мүмкін.

Темірі тоналып, қоршаусыз қалған мүрденің біразының иесі әлі табылмаған. Сондықтан полиция бейіті тоналғандардың жақындарын іздеп, оларды хабардар ету керек екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992245-adam-ondai-istemeidi-almaty-oblysyndagy-auylda-beiitterdin-temir-qorsauy-tonaluda/