СҚО-да кісі өліміне қатысты іс бойынша учаскелік полиция қызметкері 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Опубликовано:

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Солтүстік Қазақстан облысында Бауманская стансасы маңында 49 жастағы әйелді өлтірді деген күдікке ілінген зейнеткер мен полицейге қатысты тергеу амалдары жүргізілді, деп хабарлайды Астана арнасы.

Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, қайғылы оқиға шілде айында болған.

49 жастағы Алтынай Мұздақбаева жидек теріп жүрген жерінде аңшы мылтығынен оқ тиген. Жергілікті фельдшер мен жедел жәрдем дәрігерлері оқ жарақатын алған әйелді аман алып қалмақ болғанымен, ол аудандық ауруханаға бара жатқанда көп қан жоғалтып, көз жұмды.

Сол күні полицейлер зейнеткер Сергей Лосеняны ұстады. Ол кісі өлтіргенін мойындап, кінәні мойнына алды. Бірақ Бауманская стансасының тұрғындары бұл аңшылықта зейнеткер жалғыз емес, жергілікті учаскелік полиция қызметкерімен бірге болғанын алға тартады.

Прокуратура абайсызда өлімге әкеп соқтырғаны үшін зейнеткерді төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Одан бөлек оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін жаза бар. Құқық қорғау органының қызметкері де тергелуде, полицейді қамауға алу мерзімі ұзартылды.

"Тергеу Лосеняның 104-бап "Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру" бойынша кінәлі екенін, сондай-ақ учаскелік полиция қызметкерінің 370-бап "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік" бойынша кінәсін анықтады. Ол Қылмыстық процестік кодекстің 128 бабы бойынша қамауға алынған. Ол санкция 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады", - деді аудан прокуратурасы.

Телеарна мәліметінше, іс бойынша әлі де көптеген сұрақ жауапсыз қалуда. Полицейдің күдіктімен бірге аң аулап жүргені немесе оқиғадан кейін Лосеняның шақыртуымен келгені белгісіз. Сондай-ақ тәртіп сақшысының неліктен жедел жәрдем шақырмағаны анықталмаған. Сотқа дейінгі тергеу қараша айының басында аяқталады деп жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992252-sqo-da-kisi-olimine-qatysty-isi-boiynsa-ucaskelik-policiya-qyzmetkeri-7-zylga-bas-bostandygynan-aiyryluy-mumkin/